Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында Құрылыс кодексінің жобасы талқыланды

Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның кезекті отырысында жаңа Құрылыс кодексінің жобасы талқыланды.
Жиынды ашқан Қоғамдық палата төрағасы Айдос Сарым 2024 жылғы ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Құрылыс (бастапқыда Қала құрылысы) кодексінің жобасын пысықтау бойынша нақты тапсырмалар бергенін атап өтті. Олардың қатарында халықаралық тәжірибе негізінде инвесторлар үшін жобалау-сметалық құжаттаманы бекіту тәртібін түбегейлі жеңілдету, құрылыс сапасын бақылауды арттыру және құрылыс саласындағы сараптамаға мемлекеттік монополияны қайтару мәселесін қарастыру бар.
Жаңа құжаттың негізгі ережелері туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов баяндады. Ол Үкімет әзірлеген Құрылыс кодексінің жобасы мен оған ілеспе заң жобасы Мәжілістің қарауына 2023 жылдың желтоқсан айында ұсынылғанын және содан бері елеулі өзгерістер енгізілгенін атап өтті.
– 2025 жылғы 7 ақпандағы жағдай бойынша Мәжілістің жұмыс топтарының 26 отырысы өткізілді. Кодекс жобасына жалпы салыстырмалы кесте 669 түзетуден тұрады. Оның ішінде 298-і қабылданып, 103-і пысықтауға жіберілді, 41-і алынып тасталды. Жедел ден қою шарасы енгізіледі. Бұл - құрылысты бақылаудың жаңа нысаны, ол анықталған бұзушылықтарға жедел ден қоюдан тұрады, – деді вице-министр.
Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі кодексте «жоспарлы инспекциялау» тетігін енгізу және мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы мен Төтенше жағдайлар министрлігі арқылы салынып жатқан нысандарды қабылдауға мемлекеттің қатысуы қарастырылғанын атап өтті. Құжаттың жеке бөлімі сейсмикалық қауіпті аймақтарда сейсмикалық оқшаулау жүйелері мен озық технологияларды қолдану бойынша кешенді шараларды қабылдауға арналған.
Құрылыс кодексінің жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Мұрат Әбенов жаңа кодекспен жұмыс барысындағы сарапшылар қауымдастығымен белсенді өзара іс-қимылдың маңызды рөліне тоқталды. Талқылау кезінде ол жұмыс тобының қарауына сарапшылар мен қоғам қайраткерлерін құжат бойынша белгіленген тәртіпте нақты ұсыныстар енгізуге шақырды.
«Urban Living» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Гүлмира Байғабылова сейсмикалық қауіптерді бағалаудың жаңа жүйесін енгізу, сондай-ақ құрылыс сапасына қойылатын талаптарды күшейту қажеттігін айтты.
«Қазақстандағы Парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова болашақ кодексте реттелуі тиіс әлеуметтік аспектілерге тоқталды. Бұл – қолжетімді баспанаға жағдай жасау, халықтың әлеуметтік осал топтарына тиісті баспана құқығы, құрылыс өнімдерінің сапасы мен қолжетімділігі, ғимараттардың энергия тиімділігі. Сарапшының пікірінше, тұрғын үйлерді бұзу мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді және заңға тәуелді актілер аясында да нақты реттелуі қажет.
Құрылыс сапасының айтарлықтай нашарлауы мәселесін Еуразиялық тұтынушылар одағы басқармасының төрайымы, Қоғамдық палата төрағасының орынбасары Светлана Романовская да көтерді.
– Тұрғын үй сапасына қатысты шағым көп. Әсіресе, үйлердегі дыбыстың тұрғындарға естілуі, кедергі келтіруі жиі орын алады. Мүмкін мұны қоғамдық бақылау мен сараптама арқылы шешерміз, - деді С.Романовская.
Ол сондай-ақ үлескерлердің, тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің құқықтық жағдайы және құрылыс пен тұрғын үй нарығына қатысушылардың өзара іс-қимылы мәселелеріне де назар аударды.
Жиынға қоғамдық палата мүшелерінен бөлек, Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау, орталық атқарушы органдардың басшылары мен жауапты қызметкерлері, ZOOM арқылы республиканың барлық өңірінен мәслихат депутаттары, елорда әкімдігінің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Талқылау қорытындысы бойынша Айдос Сарым айтылған барлық пікір мен ұсыныстар алдағы уақытта Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеу барысында ескерілетінін айтты.