Cемей-9°С
Ауа-райы
  • Абай-5°С
  • Аягөз-11°С
  • Ақсуат-12°С
  • Бородулиха-7°С
  • Қалбатау-10°С
  • Курчатов-9°С
  • Көкпекті-14°С
  • Үржар-6°С
502.47 525.83 5.68

20 жылдан бері NСOС компаниясының жергілікті тауарларды сатып алу көлемі 15,5 пайыздан аспай отыр

Кеше, 16:17 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Энергетика министрлігі жанынан құрылған «Өнімді бөлу туралы келісімдерді іске асыру» жөніндегі жұмыс тобының бір жылдық қызметінің нәтижесін қарау жөніндегі үшінші отырысын өткізді. Оған комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин жетекшілік етіп, депутаттар, мемлекеттік органдар мен компаниялардың өкілдері, сарапшы мамандар қатысты.

Жиында Солтүстік Каспийдегі «Қашаған» кен орнында қызмет жасап отырған «North Caspian Operating Company» компаниясының 2024 жылғы отандық тауарларды сатып алу және 2025 жылғы осы бағыт бойынша жұмыс жоспарларын тыңдалды.

«North Caspian Operating Company» ЖШС басқарушы директоры Джанкарло Рую «Қашаған» кен орнындағы жұмыс көлемі жөнінде ақпарат берді. Оның айтуынша, өндіріс іске қосылған сәттен бері 119 млн тонна экспорттық мұнай, 10 млн тоннадан астам күкірт шығарған.

– 2024 жылы біз жабдықтарды ауыстырдық, бұл жұмыс өте сәтті жүргізілді. Осы тұста жергілікті қамту деңгейі өте жоғары болғанын айтқан жөн. 2004 жылдан бері 18 млрд АҚШ доллары жергілікті қамтуға бөлінді. Оның ішінде 2024 жылы тауарлар, жұмыстар мен қызметтерге 1 млрд доллар бөлінді. Жалпы жергілікті қамту бойынша елішілік құндылықтарды дамыту басшылардың КРІ-ы болып саналады. Ол өз кезегінде сол компанияда жұмыс істейтін әр директорға, әр менеджерге қатысты. Былтыр біз бірнеше ынтымақтастыққа қол жеткіздік. Оның ішінде 16 тауар санатымен жұмыс істейтін IMBС орталығымен келісім бар, – деді Д.Рую.

Компания басшысының сөзінше, былтыр NCOC компаниясы жалпы сомасы 116,9 млн доллар болатын 23 меморандумға қол қойып, 6 өндірушімен жалпы сомасы 27,9 млн АҚШ долларына тең келісімшарт жасаған. Өндірістік қуатты дамытудың 14 жоспары әзірленген.

Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек NCOC-ға тауарлардағы, жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамтуды сатып алудың барлық көлемінің 16 пайызы немесе 314,4 млрд теңге тиесілі екенін айтты.

– 2024 жылдың қорытындысы бойынша NCOC-дің тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуының жалпы көлемі 528,2 млрд теңгені құрады. Оның ішінде тауарлар бойынша – 7,57 млрд теңге, жұмыстар бойынша – 182,3 млрд теңге, көрсетілетін қызметтер бойынша – 124,5 млрд теңге. 2023 жылмен салыстырғанда жұмыстарды сатып алу көлемі бойынша жергілікті қамту үлесі 2,4 пайызға өсіп, 74 пайыз болды. Ал тауарлар бойынша – 24,3 пайыздан 15,5 пайызға, қызметтер бойынша – 60,4 пайыздан 53,4 пайызға төмендеген, – деді вице-министр.

Сондай-ақ Құдайберген Арымбек министрлік NCOC, «PSA» ЖШС және IMBC-мен бірлесіп, материалдық-техникалық базаның жағдайларын одан әрі жақсарту, қазақстандық мамандардың құзыреттерін арттыру, жергілікті халықты одан әрі жұмыспен қамтуға жаңа жұмыс орындарын құру үшін қазақстандық тауар өндірушілермен ғана емес, жұмыстарды (көрсетілетін қызметтерді) қазақстандық жеткізушілермен де келісімшарттар жасасу мәселелерін қарастырып жатқанын айтты.

Жиынға қатысушылар баяндамаларды тыңдаған соң тақырыпты талқылап, нақтылау сұрақтарын қойды. Атап айтсақ, отандық өндірушілерді қолдау, тауарларды сатып алу көлемінің төмендігі, тендерлік рәсімдерді реттеу, тендерге қатысушыларға талаптар мен критерийлерді белгілеу, өнімдерді алу жөнінде KPI қою тәртібін енгізу, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің сипаттамасын жасау секілді мәселелер қаралды.

Еділ Жаңбыршин отырысты қорытындылай келе, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы 25 қарашада Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мұнай секторы кәсіпорындарындағы тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің қазақстандық қамту үлесін 60 пайызға дейін ұлғайту туралы ұсыным болғанын еске салды.

– 20 жылдан бері жергілікті тауарларды сатып алу әлі күнге дейін 15,5 пайыздан аспай отыр. Жалпы компания болашақта Өнімді бөлу шарты аяқталғанға дейін жергілікті тауар сатып алуды 70 пайызға жеткізуді өзіне мақсат қылуы қажет. NСOС тендерінде монополиялық құқықты сақтау арқылы кейбір мердігерлерді бөлек шақырып, кей компанияға шақыру жіберілмейді. Қатысушылар үшін нақты талаптар мен критерийлер белгіленбеген. Сондықтан тендерлік талаптарды қайтадан қарап, отандық тауар өндірушілерге NCOC-дің тендерлік процедураларына оңай өту жолын қарастыру керек, – деп қорытындылады комитет төрағасы.  

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив