755 азамат мерзімді әскери қызметке аттанады

Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 13 ақпандағы №782 Жарлығына сәйкес, биылғы жылдың наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысының жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының Аумақтық қорғаныс, аумақты жедел жабдықтау, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Алмаз Толғанбаев мәлімдеді.
Әскерге шақырылушыларды зерделеу және іріктеу барысында «1414» сервисі арқылы хабарлау жүргізілді. Осыған байланысты облыс әкімдіктеріне, шақыру комиссияларына және полиция департаментіне әскерге шақыру жасындағы азаматтарды анықтау және оларға хабарлау тапсырылды. Спикердің мәліметінше, 2025 жылғы 5 наурыздағы жағдай бойынша шақыру комиссияларына 1347 азамат келмеген. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, тиісті шаралар қабылдануда.