Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
499.51 525.83 4.62

Қазақстанның өңірлік онкологиялық орталықтары үшін заманауи жабдықтар сатып алынады

29-03-2023, 13:24 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Денсаулық сақтау министрлігі, «Қазақстан халқына» қоры басшылығының қатысуымен кеңес өткізіп, онда Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың жобасын қарады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде республикада онкологиялық аурулармен ауыратын 205 мыңнан астам науқас динамикалық бақылауда болса, жыл сайын 37 мың жаңа жағдай анықталады. Қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім қанайналым жүйесі ауруларынан кейін екінші орында.

Әзірленген Кешенді жоспар онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Оны қаржыландыру мемлекеттік бюджет пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады. Осылайша, ҚР Президентінің бастамасымен құрылған қор жыл сайын 50 млрд теңгеден астам қаржы бөледі деп күтілуде. Бұл қаражат жоғары технологиялық сәулелік жабдықтарды сатып алуға және онкологиялық орталықтарды жарақтандыруға, ісікке қарсы препараттарға тапсырыс беруге, мамандарды шетелде оқытуға және басқа да мақсаттарға жұмсалады.

Атап айтқанда, еліміздің барлық өңірлері үшін онкологиялық ауруларды емдеуде ең тиімді заманауи 17 желілік үдеткішті сатып алу мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар кішігірім ісіктердің өзін және  алыс орналасқан метастазаны анықтай алатын позитронды эмиссиялық томография (ПЭТ КТ) аппараты сатып алынады.

«Өңірлік онкологиялық орталықтарға сатып алынатын жоғары технологиялық жабдықтардың көмегімен облыс тұрғындары үшін сапалы медициналық көмек қолжетімді болады. Тексеру мен емделу үшін елордаға немесе басқа да ірі қалаларға барудың қажеттілігі айтарлықтай қысқарады», — деді Алтай Көлгінов.

Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Онкологиялық аурулармен күрестің кешенді жоспарын қысқа мерзімде бекітіп, республиканың онкологиялық қызметін жаңғыртудың тиімділігін арттыру үшін осы жылдың III-IV тоқсанында құрал-жабдықтарды сатып алу қажеттігін атап өтті.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив