Cемей9°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
504.44 545.65 5.95

Ұлылар мекенін дүбірлеткен ынтымақ күні

27-03-2025, 12:17 Сәтжан Қасымжанұлы

Күллі түркі халқына ортақ Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурыз мейрамында Абай жұртшылығы ұрпаққа тағылым болар оқиғаның куәсі болды. Он күндікті еншілеген «Наурызнама» мейрамының күн мен түн теңелер тәулігінің қасиеті қандай екені баршамызға түсінікті. Биыл 180 жылдық мерейтойы атап өтілетін Абай Құнанбайұлының туған жері дәл осы 21 наурыз күні қадірлі қонақтарына айқара құшақ жайды. Бұл меймандар арысы Түркістан облысының Шардара, Қызылқұм аймағы, Шымкент қаласынан берісі Астана, Алматы қалаларынан және Балқаш өңірінен Ұлылар мекеніне арнайы сапарлап шыққан ұлы Абай ұрпақтарының бүгінгі жалғасы болатын. 

Наурыз айының 21-і ынтымақ күні екенін ескерсек, жолға шыққандардың дәл осы күні Қарауылды бетке алуы бекеер емес екені бірден білінеді. Яғни, жан-жақтағы ағайын жұрт бірін-бірі жақын танып, береке, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ел болуға ұмтылысы еді бұл. Одан бөлек бүгінгі ұрпақ буыны да Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сияқты тұлғалардың бір-бірімен тағдырлары біте қайнасқан тарихын танып біле жүрсін деген ізгі ниеттен туған қастерлі қадам болатын.

Хош сонымен, жан-жақтан жиылып келген қауым Семейден шыға берістегі «Абай жолы» стелласына сәл аялдағаннан-ақ Бөрілідегі М. Әуезов музей үйінің директоры Шаһжан Бекенұлы туған өлке тарихын, әрбір жер атауларын, Абай дәуірінде өмір сүрген тұлғалар болмысын таныстыруға құлшына кірісіп кетті. Шағыл атанған тұстан бастау алған жол бойындағы Балта-тарақ (шын мәнінде Балта, Орақ деседі-авт) елдімекені, ондағы Көкбай Жанатайұлының қызы жерленген Қызылшілік, одан кейінгі Күшікбай асуы, Бөрілі, Сырт Қасқабұлақ атауларымен Шыңғыстау тарихына қарай жетелей жөнелді. Жетелеп келе жатқан, әрине, тілге тиек еткен әңгімесінен Абайдың замандастары болған тұлғалар тіріліп сала бергендей әсер қалдыратын Шаһжан Бекенұлы. Бір сөзбен айтқанда өлкетанушы Шаһжанның гид қызметін межелі жерге жеткенше мінсіз атқарып, айтқан әңгімелерін алыстан келген мәртебелі меймандар қызыға да тамсана тыңдаумен отырды. Әкесі Бекен Исабаевтың қазақтың «мен» деген талай марғасқалары бас иіп арнайы келіп, әңгімесін тыңдаған шешен де шежірелі қазынасы екендігін, Бөріліде жатып-ақ әйгілі «Ұлылар мекені» атты құнды кітабымен танымал болғандығын ескерсек, Шаһжанның да туған жер тарихына қатысты әңгімелерді шеберлікпен жеткізуі табиғи заңдылық деуге әбден болады.

- Абай жеріне қадам басқан қонақтардың қайсы болсын, алдымен қазақтың кемеңгер жазушысының кіндік қаны тамған Бөріліге аялдағаны жөн. Екінші бір тарихи нүкте Абай туған Сырт Қасқабұлақ. Қасқабұлақ негізінен беске бөлінеді. Абай, Шәкәрім, Тәкежан, Ысқақ, Ізғұтты Қасқабұлағы деген атаулардан тұратын бес бұлақтың көзі бар бұл жерде. Қазақ театрының алғашқы бастауы саналатын Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы сахналанған Ойқұдық Ералы жазығында орналасқан. Шұбартөбе биігіндегі Еңлік-Кебектің тарихы өздеріңізге мәлім. Тағы бір тарихи атауы тартып тұратын Ақшоқы ұлылар мекені. Бұл жерде Абай мен Ысқақ әкесі Құнанбайдан өз алдына еншісін алып, алғаш үй болып қоныстанған. Қазіргі күнде Құнанбай Өскенбайұлы мен әулетінің қабірстаны және музейі осы Ақшоқыда орналасқан. Міне, осы жер атауларының бәрі де Шыңғыстау даласының ерекшеліктерін танытады,- дейді Шаһжан Бекенұлы.

Ұлылар мекеніне бет түзеген қонақтарды Абай ауданының шекарасынан аудан әкімі Мейіржан Смағұлов, аудандық мәслихат төрағасы Мақсат Нұрсұлтанұлы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Төлеген Жанғалиев бастаған ел азаматтары шын ықыласымен, көңіл толқытар көрінісімен құшақ жая қарсы алды. Арнау жыр да өрілді, ән мен күй де әуелеп, қымыз бен бауырсақтан дәм ұсынылды. 

Бұдан кейін сапарлап шыққан қауым Бөрілідегі М. Әуезовтің музей үйіне келді. 1987 жылы жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 90 жыл толуына орай ашылған бұл музейдегі құнды жәдігерлерді музейдің жоғары дәрежелі бас маманы Гүлзат Сәлемқызы кеңінен таныстырды. Музей ішін бірге аралай жүріп жасы келгеніне қарамастан Шыңғыстауды бір көрсем деген арманы орындалған қонақтармен жақынырақ танысудың орайы келді.

- Менің бұл өңірге бірінші рет келуім. Түркістан облысы, Шардара ауданының тумасы болғанымен атажұртымыз -Шыңғыстау. Келешекте балаларымды да ала келсем деп тәнті болып тұрмын. Абай елі керемет қарсы алып, бауырмалдылықтарын танытып жатыр. Бұл жерге бір ғанаТүркістан облысынан отыз адам келдік. Шыңғыстау жері келешекте де ағайын-жұрттың етене жақын араласуына жол ашатын алтын көпірі болатынына сенімім мол,- дейді Пернебек Шырынбекұлы.

Қонақтардың бұдан арғы сапары ұлы ақынның кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақта жалғасты. Абай Құнанбайұлының бала кезден есейген шағына дейінгі кемелдену кезеңінің куәсі болған мекен қазір Абайдың Қасқабұлағы деп те аталады. Мұндағы бұлақтар қоршалып, кең алқабына ағаш отырғызылып, толықтай абаттандырылған. Абай қарасөздерінің үш тілде жазылып, мәрмәр тасқа бедерленгені ерекше көрініспен көз тартады. 

Ақшоқыдағы Құнанбай Өскенбайұлының музейіне арнайы ат басын бұрып келген қонақтар алдымен оның әулеті жерленген қорымға аялдап, құран бағыштады. Ал, Жидебай қорығында орналасқан Абай музейінде Өстемір ақсақалмен танысқанымызда Абай бейнеленген көзені 1995 жылы тарту еткен сәттің куәсі екендігін өз аузынан естідік.

- Мен 1995 жылы Абай Құнанбайұлының 150 жылдық тойы кезінде бірінші рет Семейге келгенмін. Ал бұл сапарда балаларымды. Жұбайымды ертіп келдім. Сол кезде біздің жақтың азаматтарының тартуы ретінде осы көзені (құмыраны) Ташкентте жасатып, Семейдегі Абай музейіне табыс еткен болатынмын. Бүгін, міне Жидебай төрінен көріп, сол бір ғажап сәттер есіме түсіп тебіреніп тұрмын. Сонымен қоса бір кілем сыйлағанбыз. Ол Семейдегі музейде тұр, - дейді Өстемір Тілегенұлы. 

Бұдан кейін Абай, Шәкәрім кесенесіне келіп, тарихи ескерткішті аралап шыққан қонақтар естелік сәреттерге түсіп, бірін-біріне Еуразия кіндігі атанған жердің қасиетінен зор әсер алды. Ел азаматтар бабалар рухына құран оқып, құрбан шалды. 

Әсер мол сапардың ертеңі Қарауылтөбе бөктеріндегі Наурыз мерекесіне ұласты. Аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы Ұлыстың ұлы күнінде арнайы сапарлап келген меймандар сапарының мақсатына тоқталып, тағылымды шараның алдағы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы кезінде де мағынасы тереңдей беретіндігін атап өтті. Келген қонақтарға кәдесыйлар тарту етіліп, құрмет көрсетіліп, ұлттық дәстүр мен спорттық ойындар кеңінен қанатын жайды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив