Сенатта Қазақстан мен Германияның парламентаралық ынтымақтастығын кеңейтудің келешегі талқыланды
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров, Евгений Больгерт, Жанна Асанова, Мұрат Қадырбек және Қайрат Тастекеев Германия Бундестагының депутаттарымен кездесті. Тараптар саяси диалогты дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі ауқымды мәселелерді талқылады. Парламентаралық өзара іс-қимылды өрістету және заңнамалық тәжірибе алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров Қазақстан мен Германияны сенім, өзара қолдау және ортақ демократиялық құндылықтарға негізделген тұрақты әріптестік қатынастар байланыстыратынын атап өтті. Оның айтуынша, парламенттік дипломатия елдер арасындағы байланысты нығайтуда және өзара түсіністікті дамытуда шешуші рөл атқарады.
«Еуропа Кеңесі мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеялары аясында да көпжақты түрдегі парламентаралық ынтымақтастық нығая түсуде. Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен адам құқықтарын қорғау саласындағы күш-жігерді, оның ішінде мүгедек адамдарды, әйелдерді, сондай-ақ осал санаттарды қорғауды күшейтуді жоғары бағалағанын атап өту маңызды», - деді Нұрлан Бекназаров.
Сенатор сондай-ақ Қазақстанда жүзеге асып жатқан саяси және конституциялық реформалар туралы айта келіп, ол өкілді институттарды нығайту, ашықтықты арттыру және демократиялық үдерістерді дамытуды көздейтінін атап өтті.
Неміс тарапы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін жеткізді, оның ішінде салалық комитеттер арасындағы тікелей байланыстарды дамыту, заңнамалық тәжірибе алмасу бойынша бірлескен жұмыс және халықаралық парламенттік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды ілгерілету арқылы жүзеге асатынын хабардар етті.
Тараптар кездесу қорытындысы бойынша парламентаралық белсенді диалог Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға, сондай-ақ екіжақты саяси және экономикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді.