Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб «Қазақстан – Финляндия» бизнес форумына қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Финляндия Президенті Александр Стуббты қарсы алу зор мәртебе екенін жеткізді.
– Финляндия – халқымыз өте жақсы білетін ел әрі Қазақстанның стратегиялық деңгейдегі аса маңызды серіктесі. Қазақ-фин бизнес форумының табысты өтуіне тілектеспін. Президент Александр Стуббқа осы өзекті форумды ұйымдастыруға бастама көтергені үшін ризашылығымды білдіремін. Басқосудағы пікірталастар қос мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге тың серпін береді деп сенемін. Финляндиямен серіктестігіміз шынайы достыққа, өзара түсіністікке, сондай-ақ халықтарымыздың инновация, орнықты даму және өркендеу жолындағы ортақ ұмтылыстарына негізделген, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Финляндия Президентінің Астанаға ресми сапары еларалық қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.
– Бүгін Президент Александр Стуббпен жүргізген келіссөз барысында Қазақстан мен Финляндия арасындағы серіктестікті кеңейтуге және дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздеуге ниетті екенімізді растадық. Былтыр Финляндияның Қазақстанға құйған тікелей инвестициясы 80 пайыздан асып, жалпы есебі жарты миллиард долларға жуықтады. Финляндия инновация және технология салаларындағы көшбасшылығымен дамыған елдердің бірі ретінде әлдеқашан мойындалған. KONE, Nokia, Fortum секілді компаниялар ел жетістігінің ең жарқын үлгілерінің бірі. Олар одан әрі өркендеуге ықпал етіп, новаторлардың жаңа буынын ынталандырды. Бүгінде Қазақстанда фин тарапының қатысуымен 50-ге жуық компания табысты жұмыс істейді. Олардың арасында Tikkurila, Wärtsilä, Nurminen, Metso, Valtra, Peikko және басқа да әлемге танымал брендтер бар. Қазақстан осы серіктестікті кеңейтуге, сондай-ақ еліміздегі фин инвестициясының және іскерлік тобының артуына бейіл, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент биылғы үшінші тоқсанда Қазақстан экономикасы 6,3 пайызға артқанын, бұл ірі халықаралық ұйымдардың жаһандық өсім болжамынан шамамен екі есе артық екенін айтты. Ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллардан асады деп күтілуде.
– Жан басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткіші бойынша Қазақстан ТМД, тіпті одан тысқары елдер арасында бірінші орынға ие. Дегенмен бұл көрсеткіш Финляндиядан үш есе төмен. Еліміздің сыртқы сауда көлемі 140 миллиард доллардан асты. Бұл да осы аймақтағы ең жоғары нәтиже саналады. Негізгі серіктесіміз – Еуропа Одағымен өзара сауда көлемі 50 миллиард долларға жуықтады. Шағын және орта кәсіпорындар ұлттық дамудың іргетасы болып отыр. Экономикадағы оның үлесі шамамен 40 пайызды құрады. Біз бұл прогреске экономикада, сонымен бірге саясатта кешенді реформалар жүргізу арқылы толық қолдау көрсетіп отырмыз. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» стратегиялық қағидаты – еліміздің саяси бағытының негізгі өзегі. Бұл 2027 жылы жалпыұлттық референдум барысында қабылданатын конституциялық реформалардан кейін де Қазақстанның президенттік республика болып қала беретінін көрсетеді. Сәйкесінше, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы ішкі саясатымыздың басты бағдарына айналды. Заң үстемдігі экономикалық реформаларды табысты жүргізуге және кәсіпкерлікпен айналысуға қажетті жағдай жасайды деп сенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы UNCTAD мәліметі бойынша, кейінгі бір жылда теңізге шығар жолы жоқ елдер арасында жаңа жобаларға салынған барлық инвестицияның 80 пайызға жуығы Қазақстанға тартылғанын, еліміздің үлесіне құны 1 миллиард доллардан асатын жобалардың бестен бір бөлігі тиесілі екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Финляндия арасындағы ынтымақтастықтың бірқатар перспективті салаларына назар аударды.
– Еуразияның қақ төрінде орналасқан Қазақстан – Шығыс пен Батысты жалғастыратын стратегиялық аймақ. Еуропа мен Қытай арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы еліміздің аумағымен өтеді. Бұл құрлықтағы қатынастың маңызды күретамыры саналады. Жұртшылық Орта дәліз деп танитын, яғни Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыта отырып, Қазақстан құрлықаралық сауданың орталық арнасы ретіндегі рөлін нығайта түседі. Орта дәліздің әлеуетін одан әрі ұлғайту үшін біз транзит ағынын оңтайландыру мен үйлестіруге арналған Smart Cargo бірегей цифрлық басқару платформасын іске қосамыз. Осы ретте аймақта тиімді мультимодальді көлік желісін құрған Nurminen Logistics фин компаниясының күш-жігерін жоғары бағалаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан кейін еліміз Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарын белсенді түрде жаңғыртып жатқанына тоқталды. Жылына 240 мың контейнер өткізу мүмкіндігі бар Ақтау портындағы контейнерлік хаб құрылысының алғашқы кезеңін биыл аяқтау жоспарланған.
– Біз тәжірибе мен озық технологиялық шешімдерді алмасу арқылы Хельсинки және Хамина-Котка секілді фин порттарымен ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтыламыз. Бұл елдеріміз арасындағы ықпалдастықтың жаңа бағыты болмақ. Фин компанияларын Еуропа мен Орталық Азия арасында тиімді және орнықты көлік байланысын орнатуға үлес қосып, күш жұмылдыруға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент атом қуатын еліміздің ұзақ мерзімді энергетикалық стратегиясының маңызды тірегі санайды. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай әлемде уранға сұраныс 28 пайызға өседі, ал 2040 жылға қарай екі есе артады.
– Еліміз жаһандық ірі уран өндірушілердің бірі саналады, яғни әлемдік сұраныстың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Финляндияның Радиациялық және ядролық қауіпсіздік басқармасы (STUK) ядролық отынды бейбіт мақсатта пайдалану әрі тәжірибе алмасу бойынша серіктестік орнатты. Біз бұл ынтымақтастықты құптаймыз. Осы орайда Суомидің қауіпсіздік және орнықты ядролық шешімдеріне арқа сүйей отырып, ядролық қалдықтарды басқару бойынша бірлесе әрекет етуге әзірміз. Сонымен қатар Қазақстан көмір энергетикасы саласында таза, тиімді әрі экологиялық шешімдер қабылдауға ұмтылады. Біздің стратегиямыз шығарындыларды барынша азайту үшін заманауи технологияларды енгізуге және өнеркәсіптің, әсіресе, электр энергиясы өндірісінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Сондықтан біз келешегі зор ынтымақтастыққа фин сарапшыларының қатысуын қуаттаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елімізде инновациялық гибридті энергетикалық жүйе мен электр энергиясы өндірісінің икемді технологиясын енгізген Финляндияның Wärtsilä компаниясына алғыс айтты. Президент Қазақстанда энергияның дәстүрлі көздерінен бөлек, пайдалы қазбалардың мол қоры бар екенін атап өтті. Олардың көбі әлі игерілмеген.
– Еліміз сирек кездесетін әрі Еуропа Одағы экономикасы үшін аса маңызды саналатын 34 элементтің 21 түрін өндіреді. Біз нақты прагматикалық әдіске жүгінеміз: шикізатты инвестиция мен технологияға алмастырамыз. Финляндияның Metso компаниясы минералды шикізатты өңдеу және өндірісті автоматтандыру салаларында озық шешімдер ұсынып жатыр. Осы бағыттағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүмкіндік мол екенін байқаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан егістік жерлерінің көлемі жағынан әлемде алтыншы орын алады. Жыл сайын жаһандық нарыққа 10 миллион тоннаға жуық бидай және 2 миллион тонна ұн жеткізіп, әлемдегі ең ірі астық экспорттаушылардың ондығына кіреді.
– Елдеріміздің өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған бірлескен кәсіпорын құруға мүмкіндігі бар. Осылайша, аграрлық өндірістің бүкіл тізбесінде қосылған құны жоғары өнім шығаруға болады. Біз ынтымақтастықтың нақты тетіктерін қалыптастырдық. Академиялық алмасуды жандандыру және Erasmus+ бағдарламасы аясында бірлескен жобаларды ілгерілету мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Шығыс Финляндия университеті серіктестік орнатты. Қазақстан аграрлық мамандардың жаңа буынын даярлауға және ауыл шаруашылығының инновациялық, орнықты әдістерін енгізу саласында бірлескен зерттеулерді дамытуға мүдделі, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталып, бизнес форум қатысушыларына Қазақстан алдағы үш жыл ішінде толық цифрлық ел болуды мақсат еткенін мәлімдеді.
– Финляндия жасанды интеллект және LUMI суперкомпьютері арқылы өнімділігі жоғары есептеулер саласында көш бастап тұр. Сондықтан ЖИ бойынша зерттеу жүргізу, мәліметтерді озық талдау, техникалық білім беру және инновациялық экожүйе бағыттарында серіктестікті жолға қоя аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Финляндия іскерлік топтарын «Астана» халықаралық қаржы орталығымен байланыс орнатуға шақырды. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану салаларындағы бірлескен бастамаларды кеңейтуде мол әлеует бар екенін атап өтті.
– Елімізде ауа сапасын болжаудың озық моделін пайдаланатын SILAM жүйесі табысты жұмыс істеп тұр. Орман шаруашылығында да айтарлықтай перспектива бар. Біз ағаш кесудің экологиялық тұрғыдан қауіпсіз тәсілдерін ілгерілетуге, кәсіби даярлау бағдарламаларын әзірлеуге және ағаш өңдеуде заманауи технологияларды енгізуге баса мән береміз. Финляндияның осы салалардағы озық тәжірибесі «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасын іске асыруға айтарлықтай үлес қоса алады. Бұдан бөлек, бірлескен зерттеулер мен инвестицияға жол ашады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің фин компанияларына сенімді әрі ұзақмерзімді серіктес болуға ұмтылатынын айтты.
– Бүгінгі кездесу – экономикалық байланыстарымызды нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл форумда жай ғана келісімдер жасалмайды. Кәсіпкерлер, инженерлер және озық ойлы азаматтар арасында байланыс орнатылып, сенім нығаяды, – деді Мемлекет басшысы.

Финляндия Президенті қазақстандық кәсіпкерлер жұмысының тиімділігін, сондай-ақ екі ел бизнес құрылымдарының арасында өзара сенім бар екенін атап өтті.
– Біз құбылмалы, болашақты болжау қиынға соғатын, күрделі геоэкономикалық әлемде өмір сүріп жатырмыз. Мұндай кезде бизнес шын мәнінде тұрақтылықты қажет етеді. Бүгін Қазақстан мен Финляндия арасында саяси деңгейде келісімдер жасалды. Ал осындай уағдаластықтар тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, өзара түсіністік жөніндегі меморандумдарға қол қойып, құжаттар алмастық, – деді Александр Стубб.
