Түркістандықтар Абай облысына қоныс аударуға ниет білдіріп отыр
Түркістан облысында Абай облысы Еңбек мобильділігінің, Мансап орталықтарының өкілдері және жұмыс берушілердің қатысуымен «Қоныс аудару» жәрмеңкелері өтуде.
Жәрмеңке Жетісай мен Мақтаарал мекендерінен бастау алды. Жалпы жиын 500 ден аса тұрғынды қамтыды.
Жәрмеңке аясында Түркістан облысының азаматтарына Абай облысынан бос жұмыс орындары ұсынылып, көші-қон мүмкіндіктері таныстырылды. Сонымен қатар қоныс аудару барысында көрсетілерін көмек туралы айтылды. Абай облысының делегациясы тұрғындарды өз облысына қоныс аударуға шақырды.
Абай облысында қоныс аударушыларға арналған мемлекеттік қолдау шаралары – тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету – жүйелі түрде іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, мемлекеттен бөлек, жергілікті кәсіпкерлер де жаңа қоныс аударушыларға қолдау көрсетіп, олардың тез бейімделуіне өз үлестерін қосуда.
Естеріңізге сала кетейік 2024 жылы Түркістан облысынан 10 отбасы 32 адам қоныс аударған еді.
Биыл да облысымызға «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару» қағидасы аясында жұмыстар қарқынды түрде жүзеге асуда.
Бұл бастама – өңіраралық еңбек ресурстарын теңестіру және ел ішіндегі демографиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында жүргізілуде.