Cемей10°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
515.03 584.82 6.24

Сенат отандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған заңды мақұлдады

Бүгін, 12:00 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар қазақстандық тауар өндірушілердің қызметіне қатысты заңды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырысты ашқан Сенат Төрағасы, алдымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXXIV сессиясында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттерге назар аударды. Мәулен Әшімбаев қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, осы бағыттағы бастамаларды іске асыру жолында барлық қазақстандықтың күш жұмылдыруы маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының реформалар бағдарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Сенат қызметіндегі негізгі басымдық болып қала беретінін айтып, Палата жұмысының алдағы бағыттарына тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде аталған институттың ел дамуындағы рөлі ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы мемлекеттік аппарат пен азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы тиімділігін арттыруға арналған нақты тапсырмалар берді. Бұл міндеттердің сапалы әрі уақтылы орындалуы «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының және жалпы Сенаттың назарында болады. Осы бағытта депутаттардың барлық мүдделі тараппен жүйелі диалог құруының маңызы зор», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысында сенаторлар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды.

«Бүгін мақұлданған заң Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Сенат депутаттарының бастамасымен әзірленді. Құжат қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау саласындағы тетіктерді одан әрі жетілдіруді көздейді. Атап айтқанда, заң арқылы жаңа қазақстандық тауар өндірушілердің тізімін жүргізудің қағидалары мен ережелері айқындалды. Олар өндіретін тауарлар туралы мәліметтер де енгізілді. Сондай-ақ ірі тапсырыс берушілер үшін елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын әзірлеуге қатысты қосымша ережелер көзделген. Заң отандық тауар өндірушілерді қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Осы құжат арқылы 3 Кодекске және 19 заңға өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, қазақстандық тауар өндіруші, қарсы міндеттемелер, цифрлық верификация сияқты негізгі ұғымдар айқындалды. Уәкілетті органның құзыреті қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту, сондай-ақ, осы тізілімді жүргізу жөніндегі жаңа функциялармен толықтырылды. Көрсетілген тізілімді қосу және одан шығару тәртібі де айқындалған. Уәкілетті мемлекеттік органның құзыретіне Тауарлардың ұлттық каталогын жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту, сондай-ақ, онда тауарларды тіркеу жөніндегі функция енгізілген. Тиісті заң тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сыныптаудағы біріздендірудің бірыңғай жүйесін қамтамасыз ететін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жалпы сыныптауышын жүргізу жөніндегі нормалармен толықтырылды.

Заң қолданыстағы сертификаттау құралынан жаңа тәртіпке кедергісіз көшуді қамтамасыз ету үшін өтпелі кезеңді көздейді. Осылайша, Тізілімді қалыптастырудың жаңа тетігі қолданысқа енгізілгенге дейін берілген тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттар мен индустриялық сертификаттар 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін өз қолданысын сақтайды.

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Андрей Лукин монополияға қарсы тергеулер жүргізу кезінде кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты ол жағдайды халықаралық тәжірибеге сүйене отырып шешуге қатысты нақты шаралар ұсынды.

Руслан Рүстемов елімізде күріш шаруашылығының дамуына кедергі келтіретін проблемаларға тоқталып, суармалы егіншіліктің өнімділігін арттыру бойынша ғылыми негізделген, инновациялық агротехникалық іс-шаралардың жоқ екенін атап өтті. Сенатордың айтуынша, ең алдымен, қаржыландыру мәселелерін шешу және Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында селекциялық техниканың тапшылығын жою қажет.

Жанна Асанова есірткілік және токсикоманиялық масаю жағдайын, әсіресе, жаңа психоактивті заттарды, сондай-ақ, ұшпа ингалянттардың уытты әсерін анықтауда медициналық куәландыру жүйесін жетілдіру қажет екенін айтты.

Бибігүл Жексенбай дәстүрлі емес медицинаны бақылаусыз таратудың салдарынан адам денсаулығына төнетін қауіп-қатерлерге назар аударды. Сенатор атап өткендей, бұл саланы заңнамалық тұрғыдан реттеу жағдайды жақсартуға ықпал етеді.

Наурызбай Байқадамов жекеменшік мектептердің қызметіне қатысты мәселелерді айтып, өз ұсыныстарын жеткізді.

Жанболат Жөргенбаев Алматы облысындағы газдандыру және сумен жабдықтау мәселелеріне Үкіметтің назарын аударып, қордаланған түйткілдерді шешуді көздейтін шараларды тілге тиек етті.

Сәкен Арубаев «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруды қаржыландырудың жеткіліксіз болуына байланысты мәселелерді көтерді.

Ғалиасқар Сарыбаев елдегі мемлекеттік цифрлық ресурстардың бір бөлігі ақпараттылық, қолжетімділік және жұмыс жылдамдығы жағынан заманауи талаптарға сәйкес келмейді деп есептейді. Бұл орайда депутат мүгедектігі бар азаматтарға арналған сайттардың қолжетімсіз болуына және мемлекеттік тілдегі мазмұнның сапасына қатысты ерекше алаңдаушылық білдірді.

Айгүл Қапбарова цифрлық сектордағы еңбекті заңдастыру үшін жаңа мамандықтарды тануды ұсынды. Сенатор мұндай мамандардың қазіргі жағдайы оларды құқықтық және әлеуметтік қорғаудан айырып, кадрларды жүйелі даярлауға кедергі келтіреді және салықтық ашықтықты төмендетеді деп есептейді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив