Қорғаныс министрлігі қорғаныс саласындағы үздік IT-әзірлемелерді қолдады

Елордадағы Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің алаңында Defense Tech хакатоны өтті.
Ұйымдастырушылар бұл шараны Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орайластырды. Оған ғалымдар, IT-мамандар, өнертапқыштар, студенттер, әскери қызметшілер, қорғаныс технологияларын дамытуға үлес қосуға және өзін республикалық деңгейде танытуға ұмтылатындардың барлығы қатысты.
Хакатонда қазылар алқасы Sarbaz+ порталы, жасанды интеллекті бар дербес чат-бот, коммуналдық қызметтерді есепке алу жүйесі, интеллектуалды жарықтандыру жүйесі, объектілердің цифрлық егіздері және AI-клиенттік өзіне-өзі қызмет көрсету порталы бойынша инновациялық шешімдерді ұсынды.
– Қорғаныс министрлігі үшін бұл іс-шараның маңызы зор. Біз соңғы трендтерді зерделейміз, инноваторлар мен стартаперлердің немен жұмыс істейтінін анықтап білеміз. Сол арқылы оларға өз таланттарын қолдана алатын бағыттарды ұсынамыз. Өткен хакатондардың жеңімпаздары сынақтан өтуде, олардың жобалары Қарулы күштерде пайдаланылуда және өз тиімділігін көрсетуде, – деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.
30-дан аса жобаны зерделеген қазылар алқасы қорғаныс саласында неғұрлым пысықталған және сұранысқа ие жобаларды анықтады. MyArmy.kz. командасы бірінші орын мен 2,5 млн теңге ақшалай сыйлықтың иегері атанды. Екінші орынды ішкі нормативтік құжаттар мен нормативтік құқықтық актілерді талдау үшін жасанды интеллектпен автономды чат-бот әзірлеген «Жаңғыр» командасы иеленіп, 1,5 млн теңге ұтып алды. Үшінші орын және 1 млн теңге 2D нысандарының цифрлық егіздерін әзірлеуші Uazir Tech 3D–командасына берілді.
– Біздің жеті адамнан тұратын команда мерзімді және келісімшарттық әскери қызметке өтініш беруді жеңілдету үшін қосымша жасап шығарды. Кез келген адам біздің пилоттық сайтқа кіріп, тіркеліп, қызметке өтініш беріп, қажетті ақпаратты таба алады. Біздің сайтта және телеграм-ботта әскери комиссариат өкілдерінен сұрақтарға жауап алуға болады, - деп бөлісті Myarmy.kz командасының өкілі 17 жастағы Сұлтанәлі Әбілмәжін.
Қатысушылардың пікірінше, хакатон идеяларды көрсету алаңына ғана емес, сонымен қатар жемісті қарым-қатынас пен пікірлес адамдармен және кәсіпқойлармен байланыс орнатуға арналған орынға айналды.
Қорғаныс министрлігі мұндай іс-шараларды жылына төрт рет өткізеді. Бұл компанияларға алдыңғы тәжірибеге сүйене отырып, өз өнімдерін дамытуға және жақсартуға мүмкіндік береді. Әзірлеушілердің ұсыныстарына кезекті байқауды осы жылдың жазында Алматыда өткізу жоспарланып отыр.