ҚР ИИДМ тауар биржалары арқылы көмірді өткізу үлесін арттыруды қолға алды
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі еліміздің коммуналды-тұрмыстық секторына ұдайы көңіл бөліп келеді. Әсіресе ішкі нарықты қажетті көлемдегі қатты отынмен қамтамасыз ету ведомствоның ерекше назарында.
Қазір коммуналды-тұрмыстық мақсаттағы көмірді жіберу Биржалық сауданың ережелері бойынша биржа алаңдарында жүргізіліп келеді. Соған сәйкес коммуналды-тұрмыстық көмірдің тұтастай жылдық көлемінің 10%-ын ішкі нарыққа жеткізуге жоспарланғаны белгіленген.
Бұл ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен, сондай-ақ ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, тауар биржасы арқылы көмірдің сауда үлесін кемінде 50%-ға ұлғайту туралы шешімді қабылдады. Осылайша Сауда және интеграция министрлігі «Биржалық тауарлар тізбесін бекіту туралы «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылдың 26 ақпанындағы №142 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» (10.03.2023 ж. N104-HK) бұйрықты қабылдап, соның негізінде тауар биржалары арқылы коммуналды-тұрмыстық көмірді өткізу үлесін келер жылдың өндірістік мезгілінің ай сайынғы бөлінісінде ішкі нарыққа жалпы жылдық көлемінің 10%-нан 50%-ға дейін ұлғайтып, жеткізу көзделген.
Тауар биржасы арқылы көмір өткізу үлесінің көлемін арттыру барлық өңірлік операторға аталған процеске қатысып, еліміздің коммуналды-тұрмыстық секторы мен халықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа мұндай шаралар осы нарықтағы бағаларды тұрақтандыруға айтарлықтай әсер етпек. Бұл шешім коммуналды-тұрмыстық секторды қажетті көлемдегі қатты отынмен қамтуға септігін тигізеді.