Абай облысында 610 спорт нысаны халық игілігіне қызмет етуде

Абай облысында бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өңір тұрғындарының спортпен тұрақты айналысуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Қазіргі таңда облыста халықтың дене белсенділігін арттыру мақсатында 600-ден астам спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, бірнеше ауданда жаңа спорттық инфрақұрылымдардың құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, өңірде 1 стадион, 25 спорт кешені, 12 жүзу бассейні, 75 ашық хоккей корты, 1 ату тирі, 1 теннис корты, 7 ипподром және 488 алаң, олардың қатарында шағын футбол, спорттық және воркаут алаңдары тұрғындардың денсаулығын нығайтуға және бос уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізуі үшін жабдықталған.
Оның айтуынша, демеушілердің қолдауымен де бірқатар нысандар бой көтеруде. Атап айтқанда, Үржар ауданының Жанай ауылында жаңа спорт залы, Семей қаласында жабық футбол манежінің құрылысы жалғасуда.
Сондай-ақ, 2026–2028 жылдарға жоспарланған ірі жобалар қатарында Аягөз қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Абай ауданының Саржал ауылында және Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылында спорттық модульдер, Семей қаласының Водный және Бобровка кенттерінде спорт кешендері бар. Сонымен қатар Семейдің жаңа ықшам ауданында теннис орталығы, әмбебап мұз айдыны, стадион, үлкен тенниске арналған спорт кешені, мұз айдыны және Локомотив стадионы аумағында 80 орындық қонақүйі бар көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы жоспарланған.