Мәжілістегі Үкімет сағатында жалпы сипаттағы трансферттерді анықтаудың жаңа әдістері талқыланды

Мәжілісте палата вице-спикері Дания Еспаеваның төрағалығымен Үкімет сағаты өтті. Онда жалпы трансферттерді анықтаудың жаңа тәсілдері талқыланды. Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бюджетаралық қатынастар жүйесін жетілдіру туралы баяндады.
Отырысқа депутаттармен қатар Жоғары аудиторлық палата мүшелері, салалық министрліктердің вице-министрлері, облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Жиында ашқан Дания Еспаева Үкіметтің жалпы сипаттағы трансферттерді, яғни, республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге жіберілетін субвенцияларды айқындаудың жаңа әдістемесін әзірлеп жатқанын хабарлады. Елімізде Атырау облысы, Астана мен Алматы қалалары донор деп танылған. Қалған он жеті өңір – субвенциялық, олар өз шығыстарын өтеу үшін республикалық бюджеттен жалпы сипаттағы трансферттердің едәуір көлемін алады.
– Аталған үш донор өңірден республикалық бюджетке 2024 жылы 470 млрд теңге түсті, ал республикалық бюджеттен аймақтарға субвенциялар түрінде 5,3 триллионнан астам теңге бөлінді. Айырмашылықты өздеріңіз көріп отырсыздар. Іс жүзінде барлық өңір республикалық бюджет есебінде деуге болады. Осы жерде айту керек, жергілікті бюджеттердің кірістері соңғы 6 жылда 3 есеге өскеніне қарамастан, республикадан өңірлерге берілетін субвенциялар көлемі де артып отыр. Мысалы, егер 2014 жылы субвенциялар көлемі 978,0 млрд теңгені құраса, 2024 жылы 5,3 трлн теңгеге жеткен. Яғни, 10 жыл ішінде 5 еседен асқан, – деді вице-спикер.
Оның айтуынша, республикалық бюджеттен нысаналы даму трансферттері болса да, өңірлерді инфрақұрылым және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі әртүрлі болып отыр. Бүгінде өңірлер арасындағы жан басына шаққандағы ішкі өнім алшақтығы 10 еседен асады.
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бюджетаралық трансферттердің негізгі міндеттері өңірлердің бюджетпен қамтамасыз етілуін теңестіру, базалық инфрақұрылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, алшақтықты болдырмау екенін айтты.
– Соңғы бірнеше жыл бюджет үшін дағдарыс жылдары болғанына қарамастан, 2020 жылдан бері коронавирустық инфекция пандемиясы, геосаяси дағдарыс және Еуразиялық экономикалық одақтың жекелеген елдеріне қатысты санкциялар енгізуі бюджет кірістеріне айтарлықтай әсер етті. Дегенмен жергілікті бюджеттер кірісінің өсуі байқалады. Дағдарыс кезінде халыққа және бизнеске бюджет саласы жұмыскерлерінің жалақысын ұлғайту, біржолғы жәрдемақыларды төлеу, ШОБ тексеруге мораторий және басқа да шаралар арқылы қолдау көрсетілді, – деді С.Жұманғарин.
Оның ақпаратынша, 2026 жылдан бастап жаңа бюджет кодексінде жыл сайын қосымша 100 млрд теңгеден астам кіріс көзделген. Сол жылдан бастап тұрақты кірістің шамамен 40 пайызы жергілікті бюджетке жиналады. Жергілікті бюджеттер базасына бұрынғы нысаналы даму трансферттері және қазіргі трансферттер есебінен қаржыландырылған республикалық бюджеттің шығыс бағыттары енгізілетін болады. Бұл – сумен жабдықтау және су бұру объектілері, инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымы және басқалар.
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельева қосымша баяндамасында жалпы трансферттерді анықтаудың жаңа әдістемесінде Мемлекет басшысының әлеуметтік бағытты күшейту, қамтамасыз етуде теңестіру элементтерін енгізу, аудан деңгейіне дейін қамтуды кеңейту жөніндегі тапсырмалары ескерілгенін жеткізді. Бұл қолға алынған оң қадамдар, дегенмен бірқатар міндет әлі толық шешілген жоқ.
Комитет төрайымы кірістердің артығымен орындалуы мен 850 миллиард теңгеден астам қалдық қалуын негізгі проблемалардың бірі деп атап өтті. Бұл бюджеттік шешімдер мен ұзақ мерзімді даму басымдықтары арасындағы байланыстың әлсіздігін көрсетеді. Сондықтан ол шығындарды қауіпсіздік карталары мен цифрлық платформаға байланыстыру, қалдық және игерілмеген қорлар туралы есеп беру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, депутаттың айтуынша, әдістеме жалпы трансферттерді есептеу кезінде өңірлердің нақты кіріс әлеуетін ескермейді. Аудандар мен облыстар арасындағы бюджет теңгерімсіздігі қаупі де бар.
– Жалпы трансферттерді есептеудің жаңа әдістемесін енгізудегі басты мәселелердің бірі – есептеулер негізделетін сенімді статистикалық базаның жоқтығы. Ресми және ведомстволық статистика біріктірілмеген және жиі бір-біріне қайшы келеді. Негізделген трансферттердің қалыптасуына шындыққа жанаспайтын статистикалық мәліметтер тікелей кедергі келтіреді. Үкімет сағатына дайындық барысында бұл мәселе Жоғары аудиторлық палатамен бөлек талқыланды. Комитет статистикалық деректер қорын қалыптастыру әдістемелерін қайта қарау, сондай-ақ қарапайым есеп беру статистикасынан цифрлық құралдар мен деректерді басқарудың заманауи тәсілдеріне негізделген аналитикаға көшу қажеттігі туралы Жоғары аудиторлық палатаның ұсынысын толығымен қолдайды, – деді Т.Савельева.
Осыған байланысты, депутаттың пікірінше, ұсынымдарға Ұлттық статистика бюросына аудит жүргізу туралы ұсынысты енгізу орынды. Қазіргі экономикалық жағдайды есептеу әдістерінің сәйкестігі тұрғысынан ғана емес, Бюроның мемлекеттік саясаттың түпкілікті әсерлерін бағалай отырып, бюджетті жоспарлау және аумақтық сәйкестендіру қажеттіліктерін қанағаттандыратын кеңейтілген аналитикалық функцияға көшуге дайындығы да маңызды.
Жиынға Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов пен Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров те қатысты. Олар өңірлердегі түйткілді мәселелер мен олардың шешімі, сондай-ақ жаңа Бюджет кодексінің нормалары қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы мәлімет берді.
Отырысты қорытындылай келе Дания Еспаева субвенцияларды есептеу үшін қолданылатын өңірлік шығыстар болжамын айқындау әдістемесі өңірлердің борыштық міндеттемелерді орындауға жұмсалған шығындарын ескеруі тиіс.
– Бірқатар салықты аудан деңгейіне көшіргеннен кейін облыс пен аудандар арасындағы кірістер мен шығыстардың бұрмаланғанын бүгін цифрлардан көріп отырмыз. Бұл мәселе, әсіресе, білім саласына қатысты. Шығындар мен салықтарды қайта бөлу арқылы бұл жағдайды тез арада түзету қажет екені анық, – деді вице-спикер.
Бұдан соң Мәжіліс Ұлттық экономика министрлігіне өңірдің салықтық әлеуетінің коэффициентін енгізуді ескере отырып, жалпы трансферттерді анықтау әдістемесін нақтылауды, сондай-ақ жалпы трансферттерді есептеу кезінде бюджетті қайта қарау қорытындыларын қолдану тәртібін біріктіруді және трансферттерді әзірлеудің кезең-кезеңімен бөлу формуласын енгізуді ұсынды.