Қазақстанда азаматтық авиация саласы үшін кадрлар даярлау бойынша гранттар саны артты
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Үкімет отырысында Азаматтық авиация саласы үшін кадрлар даярлау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Ол Мемлекет басшысының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы авиахабтарды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, азаматтық авиация саласы үшін кадрлар даярлау жүйесін жаңғырту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Қазіргі уақытта кадрлар даярлауды Азаматтық авиация академиясы жүзеге асырады.
«Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде студенттер контингенті де өсуде. Соңғы төрт жылда өсім 72 пайыздан асты. Авиация саласындағы мамандарға сұранысты ескере отырып, соңғы жылдары мемлекеттік гранттар саны айтарлықтай артты. Егер 2022–2023 оқу жылында 180 грант бөлінсе, 2025–2026 оқу жылына 618 грант бөлінді. Түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші де жоғары. Қазіргі таңда ол 90%-ға жетіп отыр. Түлектер әуежайларда, авиакомпанияларда, логистикалық және аэронавигациялық ұйымдарда еңбек етуде», — деп атап өтті вице-министр.
Сонымен қатар ол Академияда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтері белсенді енгізіліп жатқанын жеткізді. AI-SANA бағдарламасы аясында мыңнан астам студент цифрлық құзыреттерді меңгеріп, екі мыңнан астам білім алушы Coursera платформасында оқудан өткен.
Оқыту авиациялық бағыттардың толық спектрін қамтитын 17 білім беру бағдарламасы негізінде жүргізіледі. Атап айтқанда, ұшқыштар, диспетчерлер, инженерлік-техникалық персонал, авиациялық қауіпсіздік және ұшқышсыз авиациялық жүйелер мамандары даярланады. Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілермен бірлесіп әзірленеді және 25 кәсіптік стандартқа негізделген. Сонымен қатар 2040 жылға дейінгі жаңа мамандықтар атласы әзірленді, жаңа кәсіптер мен құзыреттер енгізілуде. Кадрлар даярлау бағытында халықаралық әріптестік те күшейтілуде. Қазіргі уақытта 22 шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыс орнатылған. Негізгі стратегиялық серіктес — Kent State University (АҚШ).
Kent State University United Airlines (әлемдегі ең ірі әуе компанияларының бірі) үшін авиациялық кадрларды даярлау бойынша негізгі университет болып саналады.
Вице-министрдің сөзінше материалдық-техникалық база кезең-кезеңімен жаңартылуда. Академия базасында ICAO AVSEC (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) субөңірлік оқу орталығы жұмыс істейді. Бұл — International Civil Aviation Organization жүйесіндегі әлемдегі 36 орталықтың бірі. Ұшу-жаттығу орталығында заманауи оқу ұшақтары мен Boeing және Airbus тренажерлық кешендері қолданылады. Дуальды оқыту да дамып келеді. Қазіргі уақытта 48 серіктес кәсіпорында 220 студент білім алуда.
Сонымен қатар халықаралық стандарттарды енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің (European Union Aviation Safety Agency) талаптары кезең-кезеңімен енгізілуде. 2026 жылы EASA Part-147 халықаралық сертификаттауына өтінім беру жоспарлануда.
«Бұл үшін 4 жыл ішінде (2021–2025 жылдары) 5 ұшқыш-нұсқаушы (Испанияда) даярланды, инженерлік бағыттағы 17 оқытушы оқудан өтті (Латвияда), сондай-ақ авиапарк пен тренажерлық база жаңартылуда. Кадрларды даярлау әдіснамасын ICAO стандарттарына сәйкестендіру, сондай-ақ халықаралық оқу материалдары мен білім беру ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін Академия 2019 жылдан бастап ALICANTO жаһандық авиациялық университеттер желісінің қауымдасқан мүшесі, ал 2024 жылдан бастап ICAO TRAINAIR PLUS бағдарламасының мүшесі болып саналады», — деп атап өтті вице-министр.
Оның айтуынша ғылыми-зерттеу бағыты да белсенді дамуда. Соңғы жылдары авиация саласында 45 ғылыми жоба жүзеге асырылып, ғылыми зертханалар ашылған. Қытай, Түркия және Әзербайжан ғылыми орталықтарымен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Авиациялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институтын құру жоспарлануда. ҒЗИ қызметін авиациялық қауіпсіздік, цифрландыру және жасанды интеллект, ұшқышсыз авиациялық жүйелер, сондай-ақ авиацияның экологиялық тұрақты дамуы сияқты басым бағыттарға шоғырландыру көзделіп отыр.
Жалпы, қабылданып жатқан шаралар азаматтық авиация саласын жоғары білікті, бәсекеге қабілетті отандық кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.