Cемей32°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
507.8 580.82 6.44

Инклюзия іс жүзінде: Сенатта протездік-ортопедиялық көмек көрсету мәселесі талқыланды

10-06-2025, 18:19 Думан Кенжеғазыұлы

Сенатта Инклюзия мәселелері жөніндегі кеңестің «Мүгедектігі бар адамдарға протездік-ортопедиялық көмек көрсетудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы отырысы өтті.

Кеңес төрағасы Ляззат Қалтаева кіріспе сөзінде бұл тақырыптың маңыздылығын атап өтіп, протездік-ортопедиялық көмектің мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасы мен қоғамға бейімделуіне тікелей әсер ететінін айтты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев баяндама жасап, елімізде 737 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар екенін, олардың шамамен 13 пайызы протездік-ортопедиялық құралдарға мұқтаж екенін жеткізді. Қазіргі таңда бұл көмекті қамту деңгейі 87%-ға жуық. 2021 жылдан бастап Aleumet әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жеткізушіні еркін таңдау механизмі енгізілген. Бүгінде бұл порталға тиісті өнімдерді ұсынатын 313 жеткізуші тіркелген.

Алайда, депутаттардың айтуынша, бұл салада бірқатар шешілмеген мәселе бар. Атап айтқанда: білікті мамандардың жетіспеушілігі, ескі стандарттардың қолданылуы және заманауи технологиялық шешімдерді қаржыландырудың жеткіліксіздігі.

Жиын барысында шұғыл назар аударуды қажет ететін негізгі бағыттар аталды. Атап айтқанда, халықаралық талаптарды ескере отырып, протездік-ортопедиялық бұйымдарға арналған ұлттық заманауи стандарттарды әзірлеу және енгізудің маңыздылығы көтерілді. Сондай-ақ көрсетілетін бұйымдардың сапасына ерекше мән берілді – олардың функционалдығы мен эргономикасына қойылатын талаптарды күшейту және оларды тәуелсіз бағалау жүйесін енгізу ұсынылды.

Отандық заманауи протез өндірісін ынталандыру үшін салықтық жеңілдіктер беру, сертификаттауды жеңілдету және ұзақмерзімді келісімшарттар жасау жөнінде ұсыныстар айтылды. Қаржыландыру мәселесі де басты назарда болды – қатысушылардың пікірінше, қазіргі қаржыландыру тетіктерін қайта қарап, көбірек азаматтарды қамту және озық технологиялы оңалту құралдарына қолжетімділікті арттыру қажет.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив