Қазақстанда 2025 жылдың басынан бері ауыл шаруашылығы жануарларының аурушаңдығы 68,1%-ға төмендеді

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен кеңесте ветеринариялық қауіпсіздік мәселелері талқыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі басымдықтар айқындалды.
«Ветеринариялық қызметтің жұмысы тек жануарлардың саулығы мен азық-түлік қауіпсіздігіне ғана емес, сондай-ақ еліміздің азық-түлік тәуелсіздігі мен қазақстандық өнімнің экспорттық тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Сондықтан ветеринариялық қызметті жаңғырту жұмысын күшейтіп, барлық деңгейде бақылауды қатаңдату қажет», — деді Айдарбек Сапаров.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, жүйелі профилактикалық жұмыстар мен ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту шараларының арқасында соңғы үш жылда жануарлар аурушаңдығы 49,1%-ға төмендеген. 2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 68,1%-ды құрап отыр. Бұл негізінен бруцеллёз, құтырма, эмкар және сібір жарасы жағдайларының азаюымен байланысты.
Мемлекеттік алдын алу және диагностикалық бағдарлама аясында 2025 жылы ауыл шаруашылығы жануарларының 22 жұқпалы ауруына қарсы вакциналар сатып алынады. Отандық вакциналардың үлесі 74,4%-ды құрайды.
Сонымен қатар, диагностикалық құрал-жабдықтарға сыртқы тәуелділікті азайту шаралары қабылдануда: қажет 32 құралдың 14-і Қазақстанда өндіріледі, тағы 12-сі тіркеу сатысында.
Сібір жарасынан қырылған жануарларды көму орындарының санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Тіркелген 2560 нысанның ішінен 2211-і санитариялық талаптарға сай келтірілді, қалған 118 нысан бойынша жұмыстар жалғасуда.
2024 жылы 113 ветеринариялық пункт салынды. 2025 жылдың соңына дейін тағы 353 пункт, 82 скотомогильник пен 28 сою пунктін іске қосу жоспарлануда.
Қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде Қазақстан бірқатар аса қауіпті аурулар — шошқаның классикалық және африкалық обасы, құстың жоғары патогенді тұмауы бойынша эпизоотиялық тұрақтылықты қалпына келтірді. Бұл Қытай мен Ресей тарапынан уақытша экспорттық шектеулерді алып тастауға мүмкіндік берді.
Жануарлар өнімінің экспорттық әлеуеті артып келеді: Қытай, ЕО, Грузия және Иранмен жаңа ветеринариялық келісімдер жасалды. Түркия, Ауғанстан, Пәкістан және басқа елдермен талаптарды келісу жұмыстары жүргізілуде.
2024 жылы зертханалық базаны күшейту мақсатында жалпы сомасы 3,8 млрд теңгеге 9 жоғары тиімді сұйықтық хроматографы сатып алынды. Қосымша 7,2 млрд теңге зертханаларды одан әрі жарақтандыруға бағытталады. Сонымен қатар, Қытай Халық Республикасының қолдауымен Шығыс Қазақстан облысында Қытайға экспортқа бағытталған азық-түлік қауіпсіздігі зертханасы құрылуда.
Ветеринария саласын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. VET-MOBILE жүйесі, Vetlab модульдері, РПО, еттің ветеринариялық-санитариялық сараптамасы, процессинг орталығы және экспортталатын жануарларды автоматты бақылау жүйесі енгізілді. Бұл фермадан дүкен сөресіне дейінгі өнімнің толық ашықтығын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ «TortTulik» мобильді қосымшасы әзірленіп, іске қосылды. Қосымшада жануарды тіркеу, сатып алу-сату, жеке тұтынуға сою, мемлекеттік қызметтер және басқа 7 негізгі модуль қарастырылған. Қазіргі таңда оны 178 906 пайдаланушы қолдануда.
Министрлік ветеринариялық мамандардың еңбекақысын арттыру, зертханалық зерттеулерді ақылы ету, заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту және цифрлық бақылау жүйесін дамыту бойынша заңнамалық бастамалар әзірледі.
Кеңес қорытындысы бойынша Айдарбек Сапаров өңірлердегі эпизоотиялық ахуалды бақылауды күшейтуді, жергілікті жерлерде профилактикалық жұмыстарды жандандыруды және барлық жоспарланған іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.