Cемей33°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
511.77 593.19 6.41

Ғылым, технология және науқасқа қамқорлық: Вице-премьер Ұлттық нейрохирургия орталығында болды

Кеше, 17:26 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Ұлттық нейрохирургия орталығына барып, мекеменің жұмысымен танысты. Вице-премьер клиникалық бөлімшелерді және «Гамма-пышақ» кешенін аралап көріп, медицина қызметкерлерімен және науқастармен кездесті. Сондай-ақ елімізде жоғары технологиялы медицинаны дамыту келешегі талқыланды.

2008 жылы негізі қаланған Ұлттық нейрохирургия орталығы – диагностикадан бастап ерте оңалтуға дейінгі нейрохирургиялық қызметтің толық циклін ұсынатын еліміздегі жалғыз мамандандырылған мекеме. Орталық озық технологияларды енгізу және жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін клиникалық, ғылыми және білім беру қызметін біріктіреді.

Ермек Көшербаев дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне қажырлы еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін алғысын білдірді, сондай-ақ науқастардың орталыққа деген сенімін және медициналық көмектің сапасына берген оң бағасын атап өтті.

«Ұлттық нейрохирургия орталығы – бұл жай ғана клиника емес, бұл болашақ медицинасының стандарттарын қалыптастыратын ғылыми-технологиялық платформа. Мұнда бірлесіп жұмыс істейтін, білікті команда қызмет етеді. Осындай ұжымдар – ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тірегі», — деді вице-премьер.

Клиника 160 төсекке есептелген, құрамында 6 клиникалық және 9 параклиникалық бөлімше бар, заманауи жоғары технологиялы жабдықтармен қамтылған. Орталық ашылғалы бері 70 мыңнан астам науқасқа ем көрсетіліп, 50 мыңнан астам ота жасалды. Мұнда бұрын соңды Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде қолданылмаған 73 инновациялық нейрохирургиялық технология енгізілген. 2021 жылы мұнда өңірдегі алғашқы стереотаксикалық радиохирургия кешені – «Гамма-пышақ» іске қосылып, бүгінде 2 мыңнан астам ота жасалды.

«Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Серік Ақшолақов мекеменің қазіргі жетістіктері мен даму бағыттары туралы баяндады:

«Қазіргі таңда Орталық жаңа нейрохирургиялық тәсілдерді енгізуді және ғылыми-білім беру бағытын нығайтуды жалғастырып келеді. Біздің мақсатымыз – тек емдеу емес, сонымен қатар отандық медицинаның интеллектуалды негізін қалыптастыру. Бізде жеткілікті әлеует бар, оны еліміздің денсаулық сақтау жүйесі игілігіне кеңінен қолдануға дайынбыз», — деді басқарма төрағасы.

Сапар соңында Премьер-министрдің орынбасары жоғары технологиялы медицинаны дамытудың стратегиялық маңызын атап өтті:

«Сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділікті қамтамасыз ету – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Еліміздің азаматтары қай өңірде тұрса да, заманауи ем алуға мүмкіндігі болуы керек. Осы Орталықтың тәжірибесін бүкіл ел бойынша кеңінен тарату қажет», — деді Ермек Көшербаев.

Ұлттық нейрохирургия орталығы – ғылым, технология және адами капиталдың тиімді бірігуі медициналық көмектің жоғары сапасына қол жеткізуге мүмкіндік беретінін көрсететін жарқын мысал. Мұндай орталықтарды дамыту – денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты. Үкімет алдағы уақытта да инновациялық шешімдерді енгізуді және табысты тәжірибелерді кеңейтуді қолдайды, бұл өз кезегінде әрбір азаматтың тұрғылықты өңіріне қарамастан алдыңғы қатарлы медициналық қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив