Сенат Төрағасы Ресей күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған Ресей күніне арналған салтанатты қабылдауға қатысты.
Іс-шарада сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев қатысушыларды Ресей күнімен құттықтады. Палата Спикері Қазақстан мен Ресей арасында стратегиялық серіктестік пен одақтастық орнағанын атап өтті. Сондай-ақ ол саяси диалогтың жоғары деңгейін, терең экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды, Тәуелсіздік алғалы бері қалыптасқан берік шарттық және құқықтық базаны тілге тиек етті. Бұл ретте Мемлекет басшылары арасындағы ашық және сенімді диалогтың маңызды рөл атқаратыны да айтылды.
«Біз Ресеймен стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарды жоғары бағалаймыз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, «Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы – берік әрі мызғымас достықтың үлгісі. Біздің стратегиялық серіктестігіміз бен одақтастығымыз тығыз тарихи және мәдени байланыстарға, сондай-ақ, екі халықтың болашағы жолындағы ортақ жауапкершілікке негізделген». Мемлекет басшысының бұл сөзі біздің жан-жақты өзара іс-қимылымыздың мәні ресми емес, шынайы, ашық екенін және ортақ қауіпсіз әрі жарқын болашаққа бағытталғанын көрсетеді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жолында парламентаралық ынтымақтастықтың да маңызды екеніне назар аударды.
«Біз Ресей Федералдық Жиналысының Федерация Кеңесімен сындарлы және тиімді жұмысқа айрықша мән береміз. Парламент депутаттары екіжақты форматта, халықаралық парламенттік ұйымдар аясында, оның ішінде, бірінші кезекте, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы шеңберінде тығыз өзара байланысты жолға қойды. Осы ретте Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және өз атымнан бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, ынтымақтастығымыз нығая берсін деп тілеймін. Қазақстан мен Ресей арасында ғасырлар бойы қалыптасқан достық бейбітшіліктің, елдеріміз бен халықтарымыздың тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуінің негізі бола берсін», – деді Мәулен Әшімбаев.