Сенат Спикері Қырғызстан Жогорку Кенешінің Төрағасымен кездесті

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының отырысына қатысу үшін Қазақстанға келген Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Нурланбек Тургунбекуулумен кездесті. Сұхбат барысында тараптар парламентаралық және екіжақты ынтымақтастықтың келешегіне назар аударды.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдарда жоғары деңгейдегі достық байланыстардың арқасында айтарлықтай нығайып, ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтерілгенін атап өтті. Осыған байланысты ол мемлекет басшыларының бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қолдаудың және парламентаралық ынтымақтастықты жан-жақты, оның ішінде халықаралық ұйымдардың қызметі аясында одан әрі жандандырудың маңызды екенін айтты.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қырғызстан – біздің еліміз үшін бауырлас және одақтас мемлекет екенін үнемі айтып келеді. Тамырымыз бір Қырғыз елімен ғасырлар бойы қалыптасқан достық, ұқсас тіл, ортақ мәдениет пен салт-дәстүр және азаматтарымыздың өзара тығыз қарым-қатынасы байланыстырады. Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың былтыр Қазақстанға жасаған ресми сапары және Жоғары мемлекетаралық кеңестің 6-отырысы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін берді. Соның аясында қол жеткізілген маңызды нәтижелердің бірі Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартқа қол қою болғаны сөзсіз. Қазіргі таңда екі ел арасында парламентаралық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. Өңірдегі тұрақтылық пен орнықты дамуды нығайту ісінде Парламент депутаттары мен жергілікті өкілді органдар маңызды рөл атқаруға тиіс», – деп, Мәулен Әшімбаев биыл Бішкекте өтетін Орталық Азия мемлекеттерінің үшінші Парламентаралық форумы және онда өңір елдері арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайтуды көздейтін мәселелердің талқылануы маңызды екенін атап өтті.
Кездесуде заң шығару қызметін ұйымдастыру және әкімшілік процестер мен парламенттік қызметті қамтамасыз ету саласында тәжірибе алмасу жолдары да сөз болды. Сондай-ақ өңіраралық өзара іс-қимылдың әлеуетін дамытуға арналған міндеттер белгіленді. Сенат Спикері экология және сумен қамтамасыз ету, оның ішінде Аралды құтқару, ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізуді арттыру бағыттарындағы өзекті мәселелерді шешуге арналған кешенді шараларды іске асыру үшін күш-жігерді біріктіру қажет екеніне назар аударды.
Өз кезегінде Нурланбек Тургунбекуулу Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынастарды үдемелі дамытудың маңызына тоқталып, аталған мәселелерді шешу және өзара сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыру жолындағы бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.