Cемей24°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
511.92 588.91 6.44

Электрондық сауда көлемі 3,2 трлн теңгеге жетті

Кеше, 13:31 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан цифрлық сауданы экономиканы дамыту, экспортты әртараптандыру және жаһандық қосылған құн тізбегіне интеграцияланудың стратегиялық бағыты ретінде қарастырады. Бұл жөнінде Astana International Trade Forum аясында ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов мәлімдеді.

«Осындай шаралардың нәтижесінде нақты жетістіктерге қол жеткіздік: мысалы, қызметтер саудасындағы тапшылық 2016 жылғы 3,65 млрд АҚШ долларынан 2023 жылы 1,81 млрд долларға дейін қысқарды. Бұл — сервис пен цифрлық экономиканың дамуының нақты көрінісі», — деді Әсет Нүсіпов.

Электрондық сауда — әлемдік экономиканың ең қарқынды дамып жатқан сегменттерінің бірі. Ол шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашып, трансшекаралық сауданы жеделдетеді және сауда инфрақұрылымының цифрлық жаңғыруын ынталандырады.

Бүгінде әлем халқының шамамен 30%-ы онлайн сатып алулар жасайды, ал 2024 жылы жаһандық электрондық коммерция нарығының көлемі 6,3 трлн АҚШ долларына бағаланып отыр. Жақын жылдары бұл көрсеткіш 8,3 трлн-ға жетуі мүмкін.

Қазақстанда да оң динамика байқалуда: 2020 жылдан бері электрондық сауда көлемі 5 есеге артты.

«2024 жылдың қорытындысы бойынша электрондық сауда көлемі шамамен 3,2 трлн теңгені құрап, бөлшек сауданың жалпы көлемінің 14,1%-ына жетті. Бізде өсім әлеуеті зор — цифрлық қолжетімділік жоғары, финтех дамыған, 8 миллионнан астам жас әрі белсенді қолданушы бар. 2029 жылға қарай электрондық сауданың үлесін 18,5%-ға дейін жеткізуді көздеп отырмыз, бұл қазіргі деңгейден үш есеге жуық жоғары», — деп атап өтті Әсет Нүсіпов.

Мақсаттарға жету үшін 2024 жылғы наурызда 2027 жылға дейінгі электрондық сауданы дамыту жоспары бекітілді.

Басты басымдықтар қатарында — заңнаманы жетілдіру, білім беру бағдарламаларын іске қосу, кәсіпкерлерге қаржылай қолдау шараларын енгізу және логистикалық инфрақұрылымды дамыту бар.

Заңнамалық бастамалар шеңберінде тұтынушылардың құқықтарын қорғауға — ең осал топтардың біріне — ерекше назар аударылуда. Онлайн және офлайн саудада тең талаптар қолданылуы үшін маркетплейстер мен сатушыларға қойылатын талаптар теңгерімді түрде әзірленуде.

Қазақстан трансшекаралық электрондық сауданы дамытуға бағытталған халықаралық жұмыстарға белсенді қатысуда.

«Цифрлық және электрондық сауданың дамуы — бұл жай ғана технологиялық мәселе емес. Бұл — тұрақты, инклюзивті және өзара байланысқан болашаққа апарар жол. Біз халықаралық алаңдар аясындағы ынтымақтастығымыз, тәжірибе және озық практикалар алмасу өңірде цифрлық, біріктірілген және орнықты кеңістік құрудың берік негізі болады деп сенеміз», — деді Әсет Нүсіпов.

«Қазпошта» АҚ электрондық коммерция және сәлемдеме бизнесі бойынша басқарушы директоры Дамир Мейрамбеков электрондық сауданы дамыту үшін тауарлар мен тапсырыстарды жедел жеткізетін инфрақұрылымның маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, компания күніне 30 мыңға дейін, жылына шамамен 11 млн тапсырысты өңдеуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған сұрыптау кешенін іске қосқан.

Айта кетейік, Astana International Trade Forum аясында ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен Ресейдің Бөлшек сауда компаниялары қауымдастығы (АКОРТ) арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив