Cемей20°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
519.26 602.13 6.62

Мәжілісте сутегі энергетикасын дамыту мәселелері талқыланды

Кеше, 14:22 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінде дөңгелек үстел өтті. Онда сутегі энергетикасын дамыту перспективалары талқыланды. Жиынға комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин жетешілік етіп, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, сала мамандары мен сарапшылар қатысты.

Жиынды ашқан Еділ Жаңбыршин Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына жетуді мақсат еткенін, оған жетудің негізгі құралдарының бірі – жаңартылатын энергия көздерінен алынатын «жасыл» сутегі екенін айтты.

– Екі жыл бұрын Энергетика министрлігі 2030 жылға дейінгі сутегі энергетикасын дамыту Тұжырымдамасын бекітті. Құжат сутегі құю стансаларын тұрғызу, автобустарды, бу-газ қондырғыларын және басқа да жобаларды сутегімен қамтамасыз етуді қамтиды. Сонымен қатар «Svevind Energy GmbH» компаниясы Маңғыстау облысында «жасыл сутегі» өндіру зауытын жобалауда. Ол бойынша 40 ГВт жаңартылатын энергия көздері арқылы жылына 2 млн тонна «жасыл сутегі» немесе 11 млн тонна «жасыл аммиак» өндіру көзделген. Алайда бұл жоба бойынша бірқатар сұрақ бар, – деді Е.Жаңбыршин.

Комитет төрағасы осы жобаны іске асыруда өндірістің экожүйеге әсері, су тапшылығы мен су қауіпсіздігі, экспорт бағыты пен ұлттық пайда шектеулілігі, отандық кадрлар мен технологиялардың қатысуы сияқты мәселелерге тоқталды.

Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан Халықаралық Энергетика агенттігі мен Hydrogen Council бағалауы бойынша 2050 жылға қарай сутегі әлемдік энергия балансының 20 пайызына дейінгі үлесін қамтуы мүмкін екенін айтты. Ал оған деген сұраныс жылына 600 миллион тоннаға дейін жетуі ықтимал.

– Қазақстанда жаһандық сутегі инфрақұрылымында лайықты орын алуға барлық қажетті алғышарт бар. Елімізде жел, күн және су ресурстарының мол әлеуеті, Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық географиялық орын, барлық инфрақұрылымға қолжетімділік пен халықаралық жеткізу тізбектеріне интеграциялану мүмкіндігі зор. Біз Германия, Жапония, Қытай және таза энергияға деген сұранысы жоғары өзге де елдер нарығына төмен көміртекті сутегінің сенімді жеткізушісі бола аламыз, – деді Энергетика вице-министрі.

Ілияс Бақытжанның мәліметінше, Энергетика министрлігі 2030 жылға дейінгі сутегі энергетикасын дамыту Тұжырымдамасын іске асыру аясында бірқатар пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Мысалы, 2026 жылы бу-газ қондырғыларында сутегіні пайдалану, 2027 жылы – қалаларға сутегі автобустарын енгізу, 2028 жылы – алғашқы сутегі құю станцияларын салу. Бұл жобалар технологиялық шешімдерді саралауға, инвестициялар тартуға және нормативтік-техникалық базаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев өз баяндамасында сутегіні пайдалану парниктік газдар шығарындыларын айтарлықтай азайтуға және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік беретінін айтты. Дегенмен, қоршаған ортаға теріс әсерін азайту үшін әлеуметтік, экономикалық және экологиялық аспектілерді жүйелі түрде ескеру маңызды екеніне назар аударды.

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов Маңғыстауда 2 млн тонна «жасыл сутегі» өндіретін жобаны іске асыру аясында 34–60 млн текше метр су қажет болатынын атап өтті. Бұл ретте су шығындары қайтарымсыз болады. Сондықтан сутегіні электролиз әдісімен өндіру су ресурстарын көп қажет етеді.  Вице-министр бұл көлемдегі суды алу Каспий теңізінің су шаруашылығы балансына әсер етпейтінін, дегенмен жобаны іске асыруға әсер етуі мүмкін басқа да факторларды ескеру қажеттігін айтты.

ҚР Ұлттық ядролық орталығы бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Владимир Витюк сутегі технологиялары саласындағы ғылыми зерттеулерді кеңейту мәселесіне тоқталды. Бұл бағытта екі үлкен ғылыми зертханасы бар Технологиялық құзыреттер орталығы құрылған. Онда сутегі өндіру технологиясын әзірлеуден бастап энергетикада пайдалануға дейінгі зерттеулер жүргізіледі.

Баяндамаларды тыңдаған соң депутаттар тақырыпқа қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты. Оның ішінде сутегімен жұмыс істеу үшін таңдалған бу-газды қондырғы жобасына «жасыл сутегіні» кім өндіретіні, оған қажет инфрақұрылым дайындығы, «Svevind Energy GmbH» жобасының Маңғыстау облысының экологиясына және флора мен фаунаның сирек кездесетін түрлеріне әсері, өндірілетін «жасыл сутегіні» тұтынушы нарықтар мен тасымалдау проблемасы, елімізде инфрақұрылым мен сұраныстың жоқтығына қарамастан сутегімен жүретін көліктерді жобалау орындылығы және басқа да мәселелер көтерілді.

Талқылау қорытындысында комитет төрағасы Қазақстан «жасыл энергетиканы» дамыту ұранымен көмірсутегі шикізатында орын алған қателіктерді Үкімет қайталамауға тиіс екеніне назар аударды.

– Қазіргі сутегі жобалары негізінен сыртқы сұранысқа бағытталған, ұлттық мүдделер мен тәуекелдер толық ескерілуі қажет. Сутегі стратегиясы ғылыми негізделген, ұлттық мүддеге сай, экономикалық тұрғыдан тиімді және экологиялық қауіпсіз болуы керек. Ең бастысы – Қазақстанның энергетикалық дербестігін қамтамасыз ету, – деді Е.Жаңбыршин.

Жиын соңында Еділ Жаңбыршин Энергетика министрлігі дайындаған тұжырымдаманы сынға алып, қайта пысықтауды қажет ететінін айтты. Себебі құжатта қаралған индикаторлар техникалық және экономикалық жағынан жан-жақты есептелмеген, ал кейбір жобалар 2026 жылдан бастап жүзеге асырылуы керек. Сондықтан ол мұндай құжатты дайындау барысында ғалымдар мен тәуелсіз сарапшыларды тартуды ұсынды және тұжырымдаманың жобасын алдын-ала Мәжілістің тиісті Комитетінде талқылау қажеттігін айтты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив