Cемей22°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
519.26 602.13 6.62

Мәжілісте ғылым саласын жетілдірудің өзекті мәселелері талқыланды

Бүгін, 12:00 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңды іске асыру барысына арналған тақырыптық отырыс өтті. Оған Комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік етті.

Іс-шараға  Мәжіліс депутаттарымен қатар,  Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Дидар Батрышев, салалық ұйымдардың басшылары мен  ғылыми қоғамдастық өкілдері қатысты.

Тақырып төңірегінде баяндама жасаған вице-министр Гүлзат Көбенова аталған заң шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар ғылым саласының толыққанды экожүйесін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Оның ішінде ғылымды цифрландыру, университеттегі ғылымды қолдау, ғылыми инфрақұрылымды дамыту, жас ғалымдарды ынталандыру және өңірлік ғылыми саясатты қалыптастыру бойынша қолға алынып жатқан нақты шараларға тоқталды.

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков өз баяндамасында көптеген түйткілді мәселелерді ашық көтеріп, заңнаманы жетілдіру бойынша нақты ұсыныстарын ортаға салды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта көптеген жас ғалымдар ғылыми атақ алуда түрлі әкімшілік кедергілерге тап болуда. Мәселен, бір ғана Алматы қаласы бойынша екі жарым мың PhD докторы диссертациясын қорғауға мүмкіндік ала алмай отыр. Сонымен қатар, халықаралық патенттерді алу, ғылыми жарияланымдарды Scopus немесе Web of Science базаларына енгізу барысында да елеулі қиындықтар бар.

– Бүгінгі таңда ғылыми жобаларды іске асыру мерзімінің үш жылмен шектелуі – толыққанды ғылыми циклды қамтуға мүмкіндік бермейді. Бұл мерзім ең кемінде бес жыл болуға тиіс. Ал ғалымдар ғылыми жобаны ұтып алып, оны іске асыруға кіріскенге дейін жарты жыл уақыт жоғалтады. Осылайша үш жыл емес, іс жүзінде екі жарым жыл ғана қалады. Бұл – жүйелі шешімді талап ететін мәселе, – деді Т.Серіков.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев нақты мысалдарды келтіріп, жалпы еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік, экологиялық өмірінде ғалымдардың белсенділігі төмен екенін атап өтті.

Басқосуда сөз алған Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Дидар Батрышев Академияның мәртебесі мен болашағына қатысты мәселелерді қозғады.

Отырыс барысында депутаттар  ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруды кезең-кезеңімен ішкі жалпы өнімнің кемінде 1 пайызына дейін жеткізу, ұлттық ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту, жас ғалымдарға арналған стипендиялық, гранттық және мансаптық қолдау жүйесін заң жүзінде бекіту, ғылым мен бизнестің серіктестігін салықтық жеңілдіктер арқылы ынталандыру, ғылыми ұйымдардың халықаралық жобаларға қатысуын арттыру үшін институционалдық және қаржылық тетіктер енгізу, Ұлттық ғылым академиясының рөлін күшейтіп, ғылыми кеңестердің функцияларын беру қажеттігін жеткізді.

Бүгінгі айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы алдағы заң шығару жұмысында ескерілетін болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив