«Таза Қазақстан» бастамасы аясында жас өрендер экологиялық мәдениет қалыптастыруда

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Министрлік «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыруға белсенді атсалысып жатқанын баяндады. Аталған жұмыстар «Балалар – Таза Қазақстан үшін!» қағидатымен жүзеге асырылуда, ал оның негізгі мақсаты – білім алушылар арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру, жас өрендерді тазалыққа тәрбиелеу.
Оның айтуынша, қазіргі таңда 77 мектепке дейінгі білім беру ұйымы «жасыл балабақша» бағытымен жұмыс істеп келеді. 2024-2025 оқу жылында мектептерде 4 мыңнан астам «Жасыл клуб» құрылып, бұл 125 мыңнан астам оқушыны қамтыған. 286 мың ата-ана мен 291 мың педагогтің қатысуымен 44 мың іс-шара өткізілген. «Түлектердің ағаш егу челленджіне» қатысқан жас түлектер 185 мыңнан аса көшет отырғызды.
«Оқу жылын қорытындылау аясында барлық білім алушы “Таза Қазақстан” тақырыбы бағытында эссе байқауына қатысып, үздік жұмыстар «Білімім – Отаныма!» атты бірыңғай сынып сағатында марапатталды. Экологиялық мәдениет қалыптастыру аясында балалардың экологиялық байқауларға, форумдар мен жобалық жұмыстарға қатысу белсенділігі артты. Жыл сайын “Табиғатты аяла” республикалық форумын, ProEco, “Мен – зерттеушімін” республикалық байқауларын өткізу дәстүрге айналды. Бұл шараларға биыл 40 мыңға жуық бала қатысты», — деп мәлімдеді министр.
Келтірілген ақпаратқа сүйенсек, 21 сәуірде өткен «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі аясында оқушылардың үздік экожобалары мен республикалық сурет байқауының жұмыстары таныстырылып, жоғары баға алды.
Өз кезегінде министр «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының ауқымы экологиялық бағытпен шектелмейтіні анық. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, барлық білім беру ұйымында жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасынан айқын көрініс тауып отырғанын айтты.
«Тәуелсіздік және отаншылдық, заң және тәртіп, әділдік және жауапкершілік, бірлік және ынтымақ, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жаңашылдық және жасампаздық сияқты құндылықтар арқылы біз қоғамның мызғымас тірегіне айналатын адал азаматтарды тәрбиелеуге пәрмен береміз», — деп түсіндірді Ғани Бейсембаев.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыруда қосымша білім беру саласының да маңызы зор. Министрдің мәлімдеуінше, елімізде оқушылардың 87,2%-ы, яғни, 3,4 млн-ға жуық бала үйірмелерге қатысады. Соның ішінде балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылады. Қоршаған ортаны қорғау, азаматтық жауапкершілікті арттыру бағытындағы жұмысқа 40 мыңнан астам баланы қамтитын «жас натуралистер» мен «жас туристер станциялары» жұмылдырылған.
«Балалар мен жасөспірімдер қозғалыстарына қатысатын 2,1 млн оқушы волонтерлік бастамаларға белсенді атсалысуда. Бұған дейін баяндағанымыздай, жазғы демалыс кезеңінде 3,2 млн-нан астам бала демалып, тәрбиелік іс-шараларға қатысады. Жазғы демалыс кезінде де экологиялық тәрбие бағытындағы бірқатар жобалар іске асырылуда. Әсіресе, табиғи көрікті аймақтарды аралау, туған өлкенің тарихын дәріптеу, қоршаған ортаны қорғау шараларына ерекше көңіл бөлінеді», — деп атап өтті спикер.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев тағылымы терең «Таза Қазақстан» ұғымын іс жүзінде жүзеге асыру – озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу нәтижесінде мүмкін болатынын баса айтты.
«Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, аталған жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады», — деп түйіндеді сөзін министр.