Қазақстанда инвестициялардың өсуі 10%-ға жетті: Үкімет бюрократиядан арылтуға, ырықтандыруға және инфрақұрылымды дамытуға басымдық беруде

Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестициялар өткен жылмен салыстырғанда 2024 жылы 10%-ға артып, тұрақты оң серпінді көрсетуде. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіштің өсуі 55%-ды құрады.
«Инвестициялардың жалпы көлемінің 19,4 трлн теңгесі – 79%-ға жуығы жеке секторға тиесілі. Өткен жылмен салыстырғанда үлестің шамалы төмендеуіне қарамастан, абсолюттік мәндерде жеке салымдардың көлемі – 14,7 трлн теңгеден 15,3 трлн теңгеге дейін өсті. Сонымен қатар мемлекеттік инвестициялар да – 2,9-дан 4,1 трлн теңгеге дейін айтарлықтай артты», — деп атап өтті Роман Скляр.
Аталған өсімге Үкіметтің инфрақұрылымды дамыту, экономиканы бюрократиядан арылту және ырықтандыру арқылы еліміздегі инвестициялық ахуалды түбегейлі жақсарту жөніндегі мақсатты жұмысы аясында қол жеткізілуде. Өткен жылы мемлекет инфрақұрылымдық базаны дайындауға — көлік желісінен энергетикалық қуаттарға дейін кеңейтуде елеулі жұмыс атқарды.
«Инвестициялау ыңғайлы болуы керек және Үкіметтің, Инвестициялық штабтың және Инвестициялар туралы келісім сияқты тетіктер жұмысы дәл осыған бағытталған», — деп атап өтті Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Машина жасау, логистика және агроөнеркәсіп кешені сияқты негізгі секторларға стратегиялық инвесторларды тартуға ерекше назар аударылуда. Жүзеге асырылған жобалардың қатарында капиталды инвестициялап қана қоймай, жаңа технологияларды енгізуге, адами капиталды дамытуға және инновациялық экожүйелерді дамытуға ықпал ететін John Deere, KIA, YTO Express және Fufeng Group компанияларының жобалары бар.
Инвестициялау шарттарын жақсарту үшін арнайы құралдар: «жасыл дәліз», ұлттық цифрлық инвестициялық платформа және Инвесторлар проблемаларының бірыңғай тізілімі әзірленді. Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб шешуші рөл атқарады, ол қазірдің өзінде $70 млрд астам сомаға 137 жобаны қарады. Сондай-ақ бюрократиялық кедергілерді азайту және инвесторлардың құқығын қорғау үшін 140-тан астам заңнамалық өзгерістерге бастамашылық жасады.
«Мемлекет пен инвестордың өзара іс-қимыл шарттарын белгілейтін Инвестициялар туралы келісімдер құралына ерекше назар аударылады. 2024 жылы $2,3 млрд-қа осындай 6 келісім жасалды, ал 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында $15,8 млрд-тан астам сомаға 15 келісім жасалды. Инвестициялық келісу мерзімі бүгінде құжаттардың толық пакеті болған жағдайда екі аптадан аспайды», — деп атап көрсетті Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Инвестициялық ортаның қаржылық катализаторы және тұрақтандырушысы «Бәйтерек» ҰБХ болып саналады. Холдинг жеке және халықаралық банктер мен инвестициялық қорлардың ресурстарын тарту үшін тұрақты қаржы платформасын пайдаланады. Кейін жеңілдетілген қаржыландыру түрінде ірі жобаларға қаражат бағыттайды.