Сенатта журналистер арасындағы «Парасат» байқауы қорытындыланды

Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күні қарсаңында Сенатта журналистер арасындағы «Парасат» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Іс-шара барысында Палата Спикері Мәулен Әшімбаев медиа өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жүлделерін салтанатты түрде тапсырды.
Сенат Төрағасы байқау лауреаттарын құттықтай келе, қоғамдық пікір қалыптастыру және ұлтты ортақ мүддеге ұйыстыру жолында бұқаралық ақпарат құралдары маңызды рөл атқаратынын айтты. Сондай-ақ ол журналистер мемлекет пен азаматтар арасындағы алтын көпір, әлеуметтік ахуалдың барометрі екеніне назар аударды. Шын мәнінде, БАҚ өкілдері елде болып жатқан өзгерістердің мәнін халыққа жеткізіп, әртүрлі көзқарасты көрсетеді. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси бағдарының басым бағыттарына тоқталып, кездесуге қатысушыларға әділетті, қауіпсіз, таза және қуатты Қазақстанды құруға қосып келе жатқан белсенді үлестері үшін алғыс айтты.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Олар экономиканы әртараптандыру, өмір сүру сапасын жақсарту және азаматтардың әл-ауқатын арттыруды көздейді. Сапалы біліммен және медициналық қызметпен қамтамасыз ету мәселелеріне баса мән берілуде. Азаматтардың елімізде болып жатқан өзгерістер жөнінде толық және объективті ақпарат алуы сіздерге тікелей байланысты. Сондықтан журналистердің қызметі қашанда құрметке лайық. Осы ретте журналистердің парламенттік пулының жұмысына да ерекше тоқталғым келеді. Сіздер Сенаттың Мемлекет басшысының реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге арналған қызметін дәйекті және жедел насихаттап, қабылданған заңдардың мәнін түсіндіріп, әділетті, қауіпсіз, таза және қуатты Қазақстан құруға елеулі үлес қосып келесіздер», – деді Сенат Төрағасы.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Палата жұмысының қорытындысына назар аударып, сенаторлардың өңірлерде өткізген көшпелі отырыстарынан хабар тарату арқылы қоғамды толғандырған өзекті мәселелерді оң шешу ісінде БАҚ-тың ықпалы зор екенін тілге тиек етті. Депутаттық сауалдарды, тұрақты комитеттердің қызметін және қаралатын заңдарды уақтылы әрі объективті жариялаудың маңызды екені де сөз болды.
Жалпы, биыл Сенат ұйымдастырған «Парасат» байқауына 100-ден астам жұмыс келіп түсті. Авторлардың қатарында телеарналардың, баспасөздің, ақпарат порталдарының және өзге де отандық медианың журналистері бар.
2025 жылғы «Парасат» байқауының жеңімпаздары
Үздік телевизиялық материал: Азамат Нұғыманов («Qazaqstan» телеарнасы), Ботагөз Базарбаева («24KZ» телеарнасы), Анна Абрамова («КТК» телеарнасы).
Мерзімді баспасөздегі үздік материал: Гүлнәр Жолжанова («Egemen Qazaqstan» газеті), Гүлжиған Тұрсынова («Жетісу» облыстық газеті), Раушангүл Нұршаева («Литер» газеті).
Интернет-басылымдағы үздік жарияланым: Жанар Сердалина («BestNews.kz» ақпарат агенттігі), Надежда Алишпаева («Tengrinews.kz» ақпарат агенттігі).
Әлеуметтік желілердегі үздік жазба: Ержан Жаубай – журналист.
Жылдың арнайы сыйлығы – «Үздік аналитикалық материал»: Ақбөпе Тәңірберген және «Еуразия Бірінші арнасы» телеарнасы «Заң мен Ел» бағдарламасының ұжымы; ҚР Президенті Телерадиокешені «Jibek Joly» телеарнасының ұжымы.
«Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін»: Советхан Жағиев («Qazaqstan» телеарнасының видеооператоры).