Cемей18°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
519.64 609.23 6.62

Аймақ басшысы жол жөндеу жұмыстарын кестеден кешіктірмеуді тапсырды

Бүгін, 15:23 Думан Кенжеғазыұлы

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардағы құрылыс, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарының барысы қаралды. Бұл туралы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асхат Есеев пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Абай облыстық филиалының директоры Айбек Әнуарбеков баяндады.

Абай облысының жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының және елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 8052 шақырымды құрайды. Биыл жергілікті маңызы бар жолдарды, елді мекен көшелерін жөндеуге 30,4 млрд теңге бөлінген, бұл 391 шақырым жолды қамтымақ. Жалпы трансферттер есебінен 11,7 млрд теңгеге 223 шақырым жол жөнделеді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2,9 млрд теңгеге 63,3 шақырым болатын 23 көшеге орташа жөндеу жүргізіледі.

Жиында бірқатар аудандарда жол жөндеу жұмыстарының кестеден кешігіп жатқаны атап өтілді. Аймақ басшысы бұған жол берген тиісті басқарма басшысының орынбасары мен тиісті аудан әкімдерінің орынбасарларының жауапкершілігін қарау жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды.

«Аудандарға барғанымда халықпен кездескенде бірінші айтылатын дүние – жол мәселесі. Әлеуметтік желілерде де осы проблема жиі көтеріледі. Аудан әкімдері бұл мәселеге бей-жай қарамай, өз ауылдарыңыздағы жолдың сапасын қадағалау керек. Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдары облыс экономикасының күре тамыры. Семей қаласы тоғыз жолдың торабында тұр, облыс тұрғындары және транзиттік көліктердің көбі осы жолдармен жүреді. Яғни, бұл жолдардың техникалық жағдайы басты назарда болуы тиіс»,- деді аймақ басшысы.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Абай облыстық филиалының директоры Айбек Әнуарбековтің айтуынша, қазіргі уақытта «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен», «Омбы-Майқапшағай» бағытындағы автожолдарда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек биыл облыстың «Семей-Қайнар», «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғас», «Семей-РФ шекарасы», «Өскемен-Семей», «Таскескен-Бақты» бағыттарындағы жалпы ұзындығы 250 шақырым жолға асфальт төсеу жоспарланып отыр.

Облыс әкімі облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстау жұмыстары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Сонымен қатар, аудан және қала әкімдіктеріне жергілікті бюджеттерден жолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға бөлінетін қаржыны ұлғайтуды тапсырды. Бұдан бөлек Полиция департаментінің жол қауіпсіздігіне қатысты барлық ұсынымдарын орындау міндеттелді.

Әкімдік отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің облыста жүзеге асыру барысы талқыланды. Қазіргі таңда өңір халқының 83 пайыздан астамы сақтандырылған. Облыста медициналық көмекті ұйымдастыру және МӘМС шеңберіндегі міндеттерді іске асыру үшін 12 штаб құрылған. Штабтардың жұмысы – азаматтардың жүйеге енуін қамтамасыз ету, медициналық инфрақұрылымды жетілдіру және халықпен түсіндіру жұмыстарын үйлестіру бағытында жүргізілуде. Жыл басынан бері халықтың әртүрлі топтарымен 100-ден астам түсіндіру іс-шарасы, 4000-нан астам жеке кеңес өткізілген. Облыс әкімі бұл мәселенің Мемлекет басшысының назарында екенін айтып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты.

Аймақ басшысы отырыста балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып, барлық қала-аудан әкімдеріне құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив