Мәжілісте жылу энергетикасы туралы заң жобасының таныстырылымы өтті
Астана, 5 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Экология және табиғат пайдалану комитетінде «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер таныстырылды. Жиынға комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин жетекшілік етіп, оған Мәжілістің вице-спикері Альберт Рау қатысты.
Заң жобасын Азия даму банкі тартқан халықаралық сарапшылардың техникалық қолдауымен Энергетика министрлігі әзірледі. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бұған дейін мұндай жеке салалық заң болмаған. Сондықтан жаңа жоба ұсынылып отыр.
Оның айтуынша, заң жобасының өзекті аспектісі – жылу энергетикасын дамытудың мастер-жоспарын енгізу. Мастер-жоспар аумақтарды дамыту, тұрғын үй құрылысы, халық санының серпіні, өнеркәсіпті дамыту жоспарлары мен бағдарламаларымен және басқа да факторлармен өзара байланысты жылу энергетикасының жоспарлы үдемелі дамуын қамтамасыз етуге арналған.
Энергетика министрі бүгінде Қарағанды облысы Шахтинск қаласының мастер-жоспарын әзірлеу бойынша пилоттық жоба іске асырылғанын атап өтті.
Сонымен қатар құқықтық олқылықтарды жабу және жылу энергетикасы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге қажетті нормативтік құқықтық база қамтамасыз етіледі.
Ілеспе түзетулер аясында Кәсіпкерлік кодекске және төрт заңға, соның ішінде «Электр энергетикасы туралы» және «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Баяндамадан соң мәжілісмендер заң жобасын талқылауға көшті. Олар Энергетика министріне жылу электр станцияларын жөндеу және салу, тарифтерді реттеу және т.б. сауалдарын қойды.
Заң жобасын талқылау одан әрі жұмыс тобында жалғасады. Оған Экология және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов жетекшілік етеді.
Сурет С. Майлыбаев