Жақында Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласының көшелерін аралап, жағдайымен таныса келе, бұрын-соңды асфальт төселмеген 52 көшенің жаңа кейіпке енетіндігін мәлімдегені қала тұрғындарының сеніміне серпін бергені сөзсіз. Оның 36-ына күні бүгінге дейін асфальт төсеу жұмыстары жүргізілмеген.
«Биыл Семейде 50-ден астам көше жаңа кейіпке енеді. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Біз қаладағы бұрын мүлде асфальт төселмеген көшелерге басымдық беріп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз»,- деген болатын өңір басшысы.
Облыс әкімі тікелей назар аударған осынау қуанышты жаңалық Шығыс кентіндегі 13 линия көшесі тұрғындарының да үмітін оятты. Расы керек, жиыны 200- ден астам отбасы тұратын осы көшенің жағдайы өзекті мәселеге айналып отыр. А. Көшкінбаева көшесіндегі аялдамадан басталатын 13 линияны бойлап, соңына дейін барсаңыз, су толы шұңқыр, лай, батпақ, тас, топырақты жағалай өткенде ажалдан қашқан Қорқыттың күйін бастан өткермеске шараң қалмайды. Мәселенің мәз еместігін айтып, көше тұрғындары «018 kz. ABAI-AQPARAT» порталына хабарласқан соң жанайқайына құлақ түріп, жүздескенді жөн көрдік.
«Нан жеуіміздің өзі мұң болып тұр»
- Менің 13 линия көшесінде тұрып келе жатқаныма жиырма жылдың жүзі болды. Көктем, жаз бен күзде жаңбыр жауса болды, лай- батпақтан көз ашпай, қалаға апаратын жолға шығуымыз қиынға айналады. Одан қалса, осы төңіректе екі азық-түлік дүкені бар. Соған жай тауарды айтпағанда, кәдімгі күнделікті жейтін нанның жеткізілуі мұңға айналғаны бәрімізді қинап тұр. Өйткені, нан тасымалдайтын көліктер жолдың нашарлығын айтып келуден бас тартып, орталық көшедегі дүкендерге өткізіп кетіп қалады. Бұл жақта да бір қауым ел барын айтсаң, тыңдағысы келмейді. 12, 47 мектепте оқитын балаларымызға сабағына бару үшін жыл сайын екі аяқ киім алуға мәжбүрміз. Бірін батпақта кисе, екіншісін сабақта киіп отырады. Азық-түлік алу үшін базарға бара қалсақ, қайтарда такси жүргізушілері «жолдарың жаман» деп үйімізге апарудан бастарын ала қашады. Әкелген күнде де Көшкінбаева көшесінің басындағы аялдама тұсынан тастап кетеді. Қаншама сөмке азық-түлігімізді алып, әупірімдеп жетеміз. Бір ғана жолдың нашарлығы бүкіл әлеуметтік жағдайымызға әсер етіп тұр. Бәріміздің жанымызға батқан осынау қиындықты облыс әкімі Берік Уәли назарға алып, мәселені шешіп берсе дейміз. Бұрын асфальт көрмеген 36 көшенің жөнделетінін естіп, біздің де үмітіміз ояннды,- дейді Бақтияр Есбаев есімді азамат.
«Жедел жәрдем» жеткенше...
Иә, «бір қайғы мың қайғыны қозғайды» дегендей, жолдың сын көтермейтіндігі «Жедел жәрдем» көлігінің дер кезінде жетуіне де әсер етіп тұрған жайы бар. Мұндай да бұл көшенің тұрғындары «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген мәтелдің мәнін терең түсінеді.
- Қайсымыз болсын, денсаулығымыз сыр беріп, «Жедел жәрдем» шақыртсақ, бір сағат жүріп жетеді. Оның өзін алдынан шығып қарсы алмасаң, үйіңді таппайды. Келгенде «мұндай көшеде қалай тұрасыңдар?» деп бас шайқап, олар келіп кетеді. Жазда білінбейді. Қыста ауырып қалған адам үшін қалтырай жүгіріп, көше басына баруға тура келеді,- деп мұңын шақты Тілек Серікболсынов.
«Балаларды қаңғыбас иттерден қарауылдап әлекпіз»
Ал Қуаныш Сағындықовтың бұл көшеге көшіп келгеніне 15 жылдың жүзі болыпты.
- 2009 жылы біз көшіп келгенде бұл төңіректегі үй саны жиырмаға толмайтын. Қазір сол жақтағы 1 саяжай аумағына дейінгі аралықта 226 үй бар. Қалаға апаратын трассаға дейінгі жалғыз жол осы көшенің бойында созылып жатыр. Бұл шындығын айтқанда өмірі жөндеу көрмеген жол. Өзім 2023 жылға дейін қызмет еттім. Оқыс жағдайға түсіп қалып, қазір І топ мүгедегі болып отырсам да тұрғындардың жанайқайын барынша жеткізгім келеді. Өйткені, осы көшедегі бір топ азаматтармен кезінде үн қосып ауыз су тарту мәселесінің шешілуіне ат салыстым. Қазір оған қатысты проблема жоқ. Айтайын дегенім бұл аумақта жалпы тұрғын саны 2000-нан асады. Оның ішінде 367 оқушы, 40-тан астам студент бар. Солардың барлығы сабағына, оқуына, жұмысына барса да қысы, жазы осы көшенің бойымен шығады. Жауын кезінде бұл көше толықтай батпаққа айналады. Бәрінен де балаларға күз бен көктемде қиын. Мектепке екі сөмкемен барады. Біріне кітап-дәптерін, екіншісіне сабақта киетін жеке аяқ киімін салады. Көшенің жолын айтпағанда, жарық мүлдем жоқ. Балалар бір ауысымда, таң қараңғысында шығып, екінші ауысымдағылары түнекте қайтады. Сол кезде қаараусыз қалған қаңғыбас иттердің де қаптап жүретіндігі қауіп тудырады. Айта берсек, әлі күнге дейін асфальт төселмеген жолдың кесірінен түрлі мәселе туындап отыр,- дейді Қуаныш Мейрамғалиұлы.
«Таза Қазақстанға» үлес қосқымыз келеді
Осы көшенің тағы бір тұрғыны Миллат Орынғазұлы жол қиындығынан қоқыс шығаратын коммуналдық көліктердің келмейтіндігіне күйінеді.
- Мен осы аумақтағы 1 саяжай тұрғынымын. Жолдан бөлек айтқым келгені –қоқыс шығару мәселесі. Бұрын батпақты аумақты қоқыс алаңына айналдырмақ болғандарға тосқауыл қойып, өз күшімізбен арнайы камера орнаттық. Бір қабатын қоқыстан арылтқандай болдық. Бірақ, бұл кемшілік сәл де болса, түзелгендей көрінгенімен, оның ұзаққа баруы неғайбыл. Негізінен жол қиындығына қарамастан контейнер қойылып, қоқыс әкететін арнайы техникалар келсе деймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясына өз әлімізше үлес қосып жатырмыз. Егер көше жолы жөнделсе, коммуналдық техникалар да келер еді деп ойлаймын,- М. Қалиев.
Жалпы алғанда, 13 линия көшесіндегі тұрғындарының қайсы болсын, қалаға апратын жол қатынасының жақсарғанын қалайды. Қазір бұл төңіректің адамдары үшін жолдың асфальтталуы арман болып тұр. Дегенмен, облыс басшылығына келгелі көптеген өзекті мәселелердің шешілуіне баса назар аудара бастаған облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен қаладағы оң өзгерістерді көріп, «бұл көшеде де мейрам боларына» зор сеніммен қарайды.