Cемей22°С
Ауа-райы
  • Абай24°С
  • Аягөз16°С
  • Ақсуат18°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов29°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар18°С
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Қазақстанның ОДМ бойынша үшінші Ерікті ұлттық шолуы БҰҰ алаңында ұсынылды

24-07-2025, 16:41 Думан Кенжеғазыұлы

Нью-Йорк, АҚШ-Орнықты даму жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси форум шеңберінде БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің қолдауымен Қазақстан Республикасының үшінші Ерікті ұлттық шолуының тұсаукесері өткізілді. Баяндаманы делегация басшысы – Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев таныстырды.

Құжат әріптестердің оң бағасына ие болды. Оның аналитикалық толықтығы, дайындықтың ашық және инклюзивті сипаты, сондай-ақ Қазақстанның ашықтық және көптеген мүдделі тараптардың қатысуы негізінде орнықты даму саясатын құруға ұмтылысы атап өтілді.

Ерікті ұлттық шолу-бұл түрлі мемлекеттің орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізудегі прогресі туралы өз еркімен есеп беретін формат. Қазақстан 2030 Күн тәртібін енгізу басталған сәттен бастап оны іске асыру жөніндегі ұлттық күш-жігерді көрсететін үшінші шолуын ұсынып отыр.

Ұлттық шолудың ерекшелігі ОДМ-ны жергіліктендіруге-жаһандық міндеттерді өңірлер мен қауымдастықтар деңгейіне көшіруге назар аудару. Азаматтық қоғамның, депутаттық корпустың, сарапшылардың, жастардың, бизнес және ғылыми орта өкілдерінің қатысуымен өткізілген консультациялар басым мақсаттарды айқындауға және халықтың пікірін ескеретін ұсыныстарды қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Шолудың негізгі элементі қазақстандық жастардың орнықты даму саласындағы көзқарасы мен бастамаларын көрсететін "ОДМ буыны" бөлімі. Бұл блок үкіметтік емес ұйымдармен және белсенділермен әріптестікте дайындалды.

Талдау орнықты дамудың барлық 17 мақсатын қамтып, оның сегізіне терең назар аударылады. Бес басым мақсат БҰҰ ұсынымы бойынша, тағы үшеуі қоғамдық сауалнама нәтижесін ескере отырып айқындалды.

Алдыңғы шолу сәтінен бастап Қазақстан ОДМ -ны институционалдық бекіту бойынша бірқатар қадам жасады. Жетекші стратегиялық құжаттар-2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары және 2060 жылға дейінгі көміртекті бейтараптық стратегиясы 2030 Күн тәртібін ескере отырып құрылымдалған. Әлеуметтік және Су кодекстерін қоса алғанда, жаңа заңнамалық бастамалар қабылданды.

2023 жылы елімізде ОДМ іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссия құрылды. Ол негізгі мәселелерді қарап, мемлекеттік органдарға ұсынымдар әзірлейді.

Халықаралық алаңда ұсынылған үшінші Ерікті ұлттық шолу Қазақстанның орнықты даму қағидаттарына бейілділігін, сондай-ақ ұлттық және жаһандық мақсатқа қол жеткізуге жүйелі, инклюзивті және әріптестік көзқарас қалыптастыру жөніндегі күш-жігерін көрсетеді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив