Энергетика вице-министрі ЖЭК және сутекті энергетика мәселелері бойынша оқыту семинарында сөз сөйледі

ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс күн және сутекті энергетика мәселелеріне арналған оқыту семинарының ашылуына қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Іс-шараны жаңартылатын энергия көздері технологиялары саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі — Қытайдың LONGi компаниясы ұйымдастырды.
Вице-министр өз сөзінде ЖЭК және сутекті энергетиканы дамыту еліміз үшін стратегиялық басымдық екенін атап өтті. Жаһандық климаттық сын-қатерлер, технологиялық трансформация және орнықты дамуға ұмтылыс аясында бұл саланың маңызы жоғары екенін де тілге тиек етті. Мұнан бөлек, бүгінде күн, жел және гидроэнергия сияқты жаңартылатын энергия көздері еліміздің энергетикалық теңгерімінде маңызды рөл атқарып келе жатқанын айтты.
Сутекті энергетика перспективаларына ерекше назар аударылды. Қазақстан бұл бағытты экономиканы декарбонизациялау мен климаттық бейтараптыққа қол жеткізу жолында негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастырады. Сондай-ақ вице-министр 2024 жылы Энергетика министрлігінің сутекті энергетиканы 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасын бекіткенін еске салды. Бұл құжат саланың негізгі мақсаттарын, міндеттері мен қалыптасу кезеңдерін айқындайды.
Сонымен бірге Б.Ілияс адами капиталға инвестиция салу, мамандардың біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды. Ол семинарды ұйымдастыруға ықпал еткені үшін LONGi компаниясына алғыс білдіріп, мемлекет, бизнес және ғылым арасындағы әріптестіктің маңыздылығын атап өтті.
Семинар мемлекеттік органдардың, салалық компаниялардың, қауымдастықтар мен Қазақстанның жетекші университеттерінің өкілдерін біріктірді. Іс-шарада LONGi компаниясының MEA және Орталық Азия аймағы бойынша президенті де құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстанмен жасыл энергетиканы дамыту саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Семинар күн және сутекті энергетика салаларындағы заманауи технологиялық шешімдерді талқылауға және осы саладағы жобаларды іске асыру тәжірибесімен алмасуға арналған алаңға айналды.