Cемей19°С
Ауа-райы
  • Абай18°С
  • Аягөз19°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар21°С
541.82 627.1 6.78

Мемлекет басшысы ана мен бала өлімі деңгейін төмендетуді денсаулық сақтау жүйесін дамытудың маңызды басымдығы ретінде айқындап берді — Олжас Бектенов

Бүгін, 13:55 Думан Кенжеғазыұлы

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ана мен бала өлімін азайту жөніндегі шаралар қаралды.

Онда денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасады, сондай-ақ ЮНИСЕФ балалар қорының Денсаулық сақтау және тамақтану жөніндегі бағдарламаларының басшысы Бауыржан Жүсіпов, №3 Түркістан облыстық перинаталдық орталығының басшысы Ардақ Аязбеков сөз сөйледі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың 6 айында ана өлімі 10%-ға, нәресте өлімінің деңгейі 26,3%-ға төмендеген. Ақмарал Әлназарова қабылданып жатқан шаралар қатарында акушерлік және педиатрия бойынша стандарттар мен клиникалық хаттамаларды өзектендіру, педиатриялық бейіндер бойынша, босану мен акушерлік операцияларға тарифтерді ұлғайту, емдеудің инновациялық әдістерін енгізу және тағы басқа да шаралар бар екенін баяндады.

Премьер-министр Президент қойған міндеттерді ескере отырып, атқарылып жатқан жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы ана мен бала өлімі деңгейін төмендетуді денсаулық сақтау жүйесін дамытудың маңызды басымдығы ретінде айқындап берді. Бұл өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты мен еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіне әсер етеді. Жалпы алғанда, қабылданған шаралар ана мен бала өлімі деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді. Әрине, бұл – медицина қызметкерлері еңбегінің нәтижесі», — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр сала мамандарын даярлауды кеңейту қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, елордада және өңірлерде жетекші клиникалар базасында оқу орталықтарын дамытып, акушерлер, гинекологтер, неонатологтер, педиатрлар мен реаниматологтер үшін үздіксіз оқыту және біліктілікті арттыру бағдарламаларын енгізу маңызды. Сонымен қатар болашақ аналар мен балалар үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында ауылдық елді мекендерге білікті кадрлардың келуін қамтамасыз ету қажет.

Қауіпсіз босану жағдайларын жақсарту, оның ішінде перинаталдық орталықтарды заманауи жабдықтармен жабдықтау бойынша тұрақты жұмыстың маңыздылығы атап өтілді. 

«Біз дамыған елдердің көрсеткіштеріне жақындау үшін босану кезіндегі күрделі және қауіпті жағдайлардың алдын алу бойынша жұмысты күшейтуіміз қажет. Денсаулық сақтау жүйесін дұрыс ұйымдастырған жағдайда, көздеген мақсатқа қол жеткізуге болады. Соңғы жылдары ана мен бала өлімін 6 еседен астам төмендете алдық. Мемлекет басшысы заманауи перинаталдық орталықтардың құрылысын жалғастыруды тапсырды. Осы жылдың 1 қарашасына дейін барлық қажетті құжаттаманы дайындау жұмыстарын аяқтап, Шымкент пен Қарағандыда осындай орталықтардың құрылысын бастау қажет», — деп тапсырды Олжас Бектенов.

Премьер-министр әйелдерді жүктілікке дайындауға, ауруларды уақтылы диагностикалау мен сауықтыруға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ барлық адамның сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет, бұл орталық және жергілікті деңгейде мемлекеттік органдардың үйлестірілген жұмысын талап етеді. 

Кадр тапшылығын азайту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, қолданыстағы және жаңадан іске қосылатын денсаулық сақтау нысандарын медицина мамандарымен толықтыру жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды. Бұл көрсеткіш Денсаулық сақтауды дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасында көрініс табуы қажеттігі атап өтілді.

Өңір әкімдіктеріне инфрақұрылымды жақсарту, босандыру және бала күтімі ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту міндеті қойылды. Барлық өңірде ауылдық жерлерге жұмыс істеуге келген жас дәрігерлерге көтерме қаражаттың бөлінуін қамтамасыз ету тапсырылды.

Денсаулық сақтау министрлігіне, ұлттық ғылыми орталықтарға диагностика мен емдеу сапасын жақсарту үшін өңірлік медициналық ұйымдарға жаңа технологиялар трансфертін тұрақты негізде қамтамасыз ету тапсырылды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив