Әлеуметтік кәсіпкерлік тізіліміне 130 бизнес субъекті тіркелді
Әлеуметтік кәсіпкерлік тізілімі – әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар туралы мәліметтерді қамтитын электрон деректер базасы. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін тізілімге енгізу жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктер, атап айтқанда, кәсіпкерлік басқармалары жанынан жұмыс істейді. Қазіргі кезде тізілімге әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатын 130 субъект кірді. Алайда, мамандардың бағалауы бойынша Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуеті әлдеқайда жоғары. Тиісінше, әлеуметтік кәсіпкерлердің ел экономикасына қосқан үлесінің келешегі зор.
«Атамекен» ҰКП Жұмыспен қамту, шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаментінің басқарушы директоры Айдана Тоғызбаеваның айтуынша, Ұлттық палата еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға мүдделі.
«Өңірлік кәсіпкерлер палаталары қазірдің өзінде тізілімді қалыптастыру жөніндегі арнайы комиссияның жұмысына қатысып, әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуетті субъектілерін тарту бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге жәрдемдесіп жатыр. Сарапшылық пікірлерді келісу, түйткілді мәселелерді талдау және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу мақсатында осы жылдың басында ҰКП Төралқасы жанындағы Адами капитал және бизнестің әлеуметтік саясатын дамыту комитетінің жанынан әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі қосалқы комитет құрылды», – деді Айдана Тоғызбаева.
Қосалқы комитеттің жетекшісі Айгерім Жаналинованың айтуынша, қазіргі кезде қосалық комитет тізілімді жүргізуді цифрландыру, қаржылай қолдау шараларын әзірлеу, сертификаттау және халық арасында әлеуметтік кәсіпкерлікті танымал ету сияқты өзекті мәселелерді көтеріп жатыр.
Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрлігіне әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін тіркеу және тізілімге енгізу тәртібін оңайлату жөнінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне есту және көру қабілеті бұзылған адамдар үшін «Бастау Бизнес» платформасында кәсіпкерлерді офлайн оқытуды қамтамасыз ету жөнінде хаттар жолданды.
«Атамекен» ҰКП алаңында «Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлік: кездесетін кедергілер» тақырыбында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі қосалқы комитеттің отырысы өтті. Шараға 111 әлеуметтік кәсіпкер қатысты.