Ана өлімінің деңгейі 12%-ға, нәресте өлімінің деңгейі 11%-ға төмендеді: Үкіметте Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру жайы қаралды

Қазақстанда ана мен бала өлімінің деңгейі төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова хабарлады. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында ана мен бала өлімін азайту жөніндегі шаралар қаралды.
«Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында ана мен бала өлімін төмендету бойынша кешенді шаралар қабылдауға ерекше басымдық беріліп отыр. Осыған байланысты министрлік 2030 жылға дейін ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту жоспарын бекітті. Елімізде аналар мен балалар денсаулығы бойынша Орнықты даму мақсаттарының индикаторларына қол жеткізілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің перинаталдық көмекті өңірлендіру және ана қауіпсіздігі қағидаттарының тиімді технологиялары бойынша ұсынымдарын енгізу мен қабылданған шаралар нәтижесінде 2024 жылы ана өлімінің көрсеткіші 12%-ға, нәресте өлімінің көрсеткіші 11%-ға төмендесе, биылғы жылдың 6 айының қорытындысымен ана өлімінің көрсеткіші 10%-ға, нәресте өлімінің көрсеткіші 26%-ға төмендеді», — деп атап өтті министр.
Ақмарал Әлназарова бұл көрсеткіштерге министрліктің қабылдаған жүйелі шаралары нәтижесінде қол жеткізілгенін айтты. Мәселен, елімізде Ана мен балаға медициналық көмек көрсетудің жаңа тәсілдері халықаралық талаптарға сәйкес енгізіліп, стандарттар мен клиникалық хаттамалар өзектендірілуде. 2024 жылдың 1 маусымынан бастап босандыру, акушерлік операциялар, салмағы төмен жаңа туған нәрестелерді күту және педиатриялық бейіндердің тарифтері ұлғайды. Бұл мақсаттарға қосымша 20 млрд теңге бөлініп, бұл медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін төмендетуге және нақты шығындарын өтеуге, қымбат препараттарға қолжетімділікті жақсартуға, тәжірибелі мамандарды тұрақтандыруға жағдай жасады. Сондай-ақ, босанғаннан кейінгі қан кетулердің алдын алудың жаңа әдістері енгізілді, соның нәтижесінде биыл ағзаларды сақтап қалу операциялары 20%-ға артты. Медициналық авиация желісі бойынша дер кезінде және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету шаралары ауыр жағдайдағы әйелдер мен балалардың 96%-ын құтқарып қалуға мүмкіндік берді. Одан бөлек өткен жылдан бастап босандыру және балаларға арналған ұйымдардың медициналық техникамен жабдықталуы 87%-ға дейін жақсарып, тозу көрсеткіші 37%-ға дейін төмендеді.
«Биыл алғаш рет болашақ аналарға арналған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылып, әйелдерді 12 түрлі зерттеуден өткізу және жүктілікке дайындау үшін 5,1 млрд теңге бөлінді. Одан бөлек, былтыр 22 облыстық перинаталдық орталық құрамында «Ұрықты қорғау орталықтары» құрылып, оның құрамында жүкті əйелдерге көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Бір күндік клиника» ұйымдастырылды. Онда 100 мыңнан астам жүкті әйел 500 мыңға жуық тексеруден өтіп, нəтижесінде ұрықтың даму ақауларын ерте анықтау 13%-ға артты. Осы орталықтарды әрі қарай заманауи медициналық техникамен жабдықтауға әкімдердің жергілікті бюджеттен қаражат қарастыруын сұраймыз. Сондай-ақ былтыр елімізде алғаш рет «Феталды медицина» инновациялық технологиясы енгізіліп, оның көмегімен жатырішілік 71 операция жасалып, нәтижесінде 96 нәрестенің өмірі сақталып қалды. Сонымен қатар биылдан бастап емханаларда педиатриялық бөлімшелер ашылып, 100 даму және ерте араласу орталықтары жасақталды. 3 жасқа дейінгі балаларға мультицисциплинарлық диагностика арқылы бақылау жұмыстары жолға қойылды. Шалғайдағы ауылдық мекендерде тұратын ерекше күтімді қажет ететін әйелдер үшін «Саламатты Ана» пансионаттары ашылуда. Олар тәуекелі жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерді алдын ала емдеуге жатқызуға, сондай-ақ қиын босанудан кейінгі кезеңде әйелдерді оңалтуға арналған. Бүгінгі таңда мұндай пансионаттар Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында жұмыс істеп тұр. Басқа өңірлердің әкімдерінен жыл соңына дейін облыс орталықтарында пансионат ашу мәселесін шешуді сұраймыз. Сондай-ақ, жүкті әйелдер мен фертильді жастағы әйелдердің денсаулығына цифрлік бақылау жүргізу мақсатында 20 Ситуациялық орталық ұйымдастырылды, бұл жүктіліктің асқынуын анықтап, дер кезінде емдеуге жатқызуға мүмкіндік берді», — деді Ақмарал Әлназарова.
Оның айтуынша, елімізде 18 Облыстық перинаталдық орталық жəне 15 Облыстық балалар ауруханаларының реновация жұмыстары басталған. Реновацияның негізгі мақсаты - перинаталдық орталықтардың құрамын бірыңғай жасақтап, мамандар біліктілігін арттыру мен материалды-техникалық базасын жақсарту, құзіреттілікті дамыту орталықтарын ашу арқылы озық технологияларды өңірлерге тарату. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар балаларға қосымша 302 аса қажетті бейінді төсек жаңадан қалыптастырылатын болады. Министр өз баяндамасында кадр мәселесіне де, жаңа нысандардың қажеттігіне де тоқталды.
«2024 жылы елімізде алғаш рет 169 педиатр маманы шығарылды, биыл 152 педиатр дәрігер резидентураны аяқтайды. Биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап балалар бейініндегі жоғары сұранысқа ие 14 мамандық бойынша резидентурада оқыту басталады. 2024 жылдан бері ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу үшін келген сұранысқа ие дәрігерлердің 8,5 млн теңге көтерме төлемақы алуға мүмкіндігі бар. Алайда, өткен жылы ауылға жұмысқа орналастырылған 370 маманның тек қана 254-і (70 %) көтерме төлемақы алған. Негізгі қабылданған шаралар босандыру мен балалар кадрларының тапшылығын 25%-ға төмендетті. Алайда 255 гинеколог, 91 неонатолог әлі де тапшы. Сондықтан әкімшіліктермен бірге біз осыжұмысты жалғастыратын боламыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бүгінде заманауи перинаталдық орталықтар құрылысының 12 жобасы бекітілді. Бүгінгі күні барлық әкімдіктер жер телімдерін бөлді. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, кейін басқа өңірлерде қайта қолдану үшін Шымкент (жылы өңірлер үшін), Қарағанды (суық өңірлер үшін) қалалары бойынша пилоттық жобалар айқындалды. Алайда, аталған өңірлердің әкімдіктері пилоттық жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтаған жоқ, сол себептен мемлекеттік сараптамадан өткізу мен жобаны одан әрі жүргізу кешіктірілуде. Десе де тоқтап тұрған жоқ, жалғасып жатыр», — деді Ақмарал Әлназарова.
Денсаулық сақтау министрі одан соң цифрландыру бойынша атқарылып жатқан шараларға және ата мен бала өліміне қатысты кейбір ахуалдарға тоқталды. Айтуынша, 18 жасқа дейінгі балалардың цифрлық бейінін енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Балабақша мен мектепке қабылдау үшін 2024 жылы балалар денсаулығының электрондық паспорты енгізілді. Балалар арасында қауіп факторларын ерте анықтау мен оларға көрсетілген медициналық көмектің көлеміне мониторинг жүргізілуде. Жүкті және босанған әйелдердің электрондық картасы, проактивті жұмыс сервисі енгізілді. Бүгінгі күні жоспарланған қабылдау күні мен скринингтен өту туралы жүкті әйелдерге 348 мың хабарлама жіберілді. Жүкті және фертильді жастағы әйелдер тіркелімінің медициналық ақпараттық жүйелермен интеграциясы іске асырылды.
«Жүйелі түрде қабылданып жатқан шараларға қарамастан, 6 өңірде ана өлімінің өсуі байқалады. Құрылымы бойынша ана өлімінің басым себептері: ауыр экстрагенитальды аурулар - 55% және акушерлік жағдайлар – 45%. Нәресте өлімі себептерінің құрылымында бірінші орында перинаталдық кезеңдегі жағдай – 47,7%, одан кейін туа біткен ақаулар – 19,6% және тыныс алу ағзаларының аурулары – 7,6%. Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ұлытау облыстарында үй жағдайындағы тіркелген өлім-жітім көрсеткіші республикалық көрсеткіштен 2 есе жоғары екенін атап өту керек. Осыған орай, медициналық ұйымдарды бейінді мамандармен жасақтауға, біліктілігін арттыруға, материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жүктілер мен балаларды облыс орталығына жеткізетін көлік бөлуге және осал топтағы фертилдік жастағы әйелдерді тегін контрацептивтік заттармен қамтамасыз етуге әкімдерден жергілікті бюджеттен қаражат қарастыруды сұраймыз», — деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Ана мен бала өлімінің фактілері бойынша елімізде 44 медициналық ұйымда жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Жамбыл және Ақмола облыстарындағы босандыру ұйымдарында ауқымды тексеру жұмысы ұйымдастырылды. Тексеру қорытындысы бойынша өңірлерде тіркелген кемшіліктерді жою бойынша жедел іс-шаралар кешені бекітілді.
Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап қадағалау функциясы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне енгізілетін болады. Сондай-ақ пациенттерді қолдау қызметтері мен біліктілік талаптары күшейтіледі. Балалар мүгедектігін төмендету мақсатында жүкті әйелдер арасында генетикалық ауруларды (арқа бұлшық ет атрофиясы) анықтаудың жаңа скринингі енгізіледі. Денсаулық сақтау министрлігі ары қарай ана мен бала денсаулығын нығайту және жүкті әйелдер мен балаларды дәрі-дәрмекпен, медициналық көмекпен толық қамтамасыз ету шараларын жалғастыратын болады.