Қазақстанның Әскери-теңіз күштері запастағы офицерлермен алғаш рет оқу-жаттығу жиынын өткізуде

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштерінде запастағы офицерлердің қатысуымен теңізшілер тарихында бірінші рет оқу-жаттығу әскери жиыны ұйымдастырылды.
Жиынға бұрын Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің әскери-теңіз кафедрасында оқыған 30 әскери міндетті тартылды. Олардың бәрі корабльдерді штурманмен қамтамасыз ету, радиотехникалық байланыс құралдарын, сондай-ақ дизель-энергетикалық қондырғыларды пайдалану және жөндеу саласындағы мамандар.
Дайындық бағдарламасы теориялық және практикалық бөлімдерді қамтиды. Іс жүзіндегі сабақтар озық мамандар мен жауынгерлік бөлім командирлерінің қатысуымен тікелей әскери корабльдерде өтеді. Басты назар штурманға дайындық, зымыран-артиллерия және теңіз суасты қаруларымен жұмыс, байланыс және автоматтандырылған басқару жүйелеріне аударылуда.
ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері бас штабының жұмылдыру және жасақтау бөлімінің бастығы 3-дәрежелі капитан Ермек Ғазизовтың айтуынша, жиынның басты мақсаты – запастағы офицерлердің кәсіби даярлық деңгейін арттыру, бұрынғы машықтарын қалпына келтіру және дамыту, қару-жарақ пен әскери техниканы үйрену, сондай-ақ ұрысқа барынша жақын жағдайда іс-қимылдарды пысықтау.
Жиын аяқталғаннан кейін жақсы нәтиже көрсеткен қатысушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кезекті әскери атақтар беріледі.
Мұндай жиындарды өткізу резервті дайындау жүйесін дамытудағы және ел Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік әлеуетін нығайтудағы маңызды қадам болмақ.