Сенат баспасөз хатшысы: «Басқа-басқа, дәл Сенат төрағасы халыққа ашық»

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы он күн бойы тойланды. Абай облысында арнайы киіз үйлер қалашығы салынып, мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиет пен мәдениет майталмандары, ақсақалдар Абай туған аймаққа аттанды.
Той тарқаған соң әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Абай облысының әкімі Берік Уәлиді «ерікті жастар арнайы шеңбер құрып қоршап жүрді» деген жазбалар тарады. Жұртшылықтың пікірі екіге жарылған соң бүгін ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Рамазанов мән-жайды тарқатып, арнайы жазба жүктеді өз парақшасына.
Оқырманға түсінікті болуы үшін төменде аталған ресми әрі нақты жауаптың толық мәтіні мен сілтемесін қоса жүктеп отырмыз:
«Соңғы күндерде әлеуметтік желілерде Абай тойына барған Сенат Төрағасы, Абай облысының әкімі, министрлер және салтанатты іс-шараға келген басқа да делегаттардың «қауіпсіздік шеңберімен» қоршалып жүргені туралы ақпарат тарағаны белгілі.
Осы мәселеге байланысты Абай облысының әкімдігі, әкім Берік Уәли, сондай-ақ, кеше министр Саясат Нұрбек түсініктеме берді. Расымен, мұндай әрекеттің мүлдем орынсыз екеніне ешқандай күмән жоқ. Біз аталған жайтты көрген бойда еріктілерден оны доғарып, басқа, маңызды істермен айналысуын сұрадық. Осылайша, бұл жағдай өте қысқа уақытқа ғана жалғасты.
Ал, қалған уақытта біз киіз үйлер қалашығында еркін жүріп-тұрдық. Мерекеге келген кез келген адам Сенат Төрағасымен кездесіп, амандасып, пікірлескенін осы видеодан-ақ анық көруге болады. Ұзақ түсіндіріп жатқаннан гөрі, бір рет көрсетіп, мәселені осы жерден жапқан дұрыс деп ойлаймын.
Өкінішке қарай, кейбір желі қолданушылары он күн бойы аталып өткен дүбірлі тойды жалғыз осы келеңсіздікпен байланыстырып, «жерден жеті қоян тапқандай» жарыса жазып жатыр. Ал, біз ойшыл өсиет еткендей, қалпымыз бен санамызды таза ұстасақ, жарқын сәттерге көбірек мән берсек, осы бір ұлағатты істен өнеге алсақ дейміз.
P.S. Жалпы, баспасөз хатшысы ретінде, басқа-басқа, дәл Сенат Төрағасының халықпен сұхбат құруға, қойылған сұрақтарға жауап беруге, айтылған пікірді тыңдауға әрдайым ашық екенін атап өткім келеді. Бұл ретте ол ешқашан ешкімнен жалтарып көрген емес. Оны Мәулен Сағатханұлымен апта сайын кездесіп, сауалдарына жауап алып журналистер қауымы жақсы біледі».
Данияр Рамазанов,
Фейсбук парақшасынан