Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 2024-2025 жыл аралығында 1,2 млн тонна астық сатты

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ Қоғамдық кеңесінің отырысында компанияның астық сату көлемі мен бидайдың экспорттық нарықтарын кеңейту бойынша рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізілген ауыл шаруашылығы жылының қорытындылары шығарылды.
2024 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы тамызға дейін корпорацияның астық өткізуінің жалпы көлемі 1,2 млн тоннаға жетті.
«Соңғы он жылда мұндай көлемдегі астықты компания алғаш рет өткізді. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ішкі нарыққа 390 мың тонна астық жіберді, тікелей экспорт – 360 мың тоннаны құрады, тағы 453,3 мың тонна астық шетелге трейдерлер арқылы жөнелтілді. Нәтижесінде Азық-түлік келісімшарт корпорациясының республикалық астық экспортындағы үлесі 8,9%-ға жетті. Бұған дейінгі жылдары ол 3-5%-дан аспайтын», – деп түсіндірді «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Асылхан Джувашев.
Бидай жеткізілімі дәстүрлі нарықтарға – Қытай, Орталық Азия, Иранға, сондай-ақ жаңа экспорттық алаңдарға – Марокко мен Вьетнамға жүзеге асырылды. Бес жылдық үзілістен кейін корпорация Әзербайжан мен Грузияға астық жөнелтуді қайта бастады. Жеткізулердің жандануына бидайды алыс басым нарықтарға тасымалдау шығындарын субсидиялау бағдарламасы айтарлықтай ықпал етті. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау шараларының арқасында Солтүстік Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тұтынушылары қазақстандық жұмсақ стандартты бидайдың сапасын жоғары бағалады.
«Бұған дейін Қазақстан әлемдік нарықтарда негізінен қатты (дурум) немесе жоғары протеинді (hi-pro) бидай жеткізуші ретінде танымал болатын. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында шетелдік серіктестер қазақстандық жұмсақ бидайдың сапасын бағалап, қазір ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға сұраныс жіберіп отыр», – деді Азық-түлік келісімшарт корпорациясы басшысы.
Атап айтқанда, Таиланд, Мьянма, Алжир қазақстандық астыққа қызығушылық танытуда.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясының маңызды жетістіктерінің бірі – Марокко мен Вьетнамға астықты мультимодальды жеткізуді ұйымдастыру болды. Бұл кезде жүк теміржол арқылы теңіз портына контейнерде жеткізіліп, одан әрі кеме арқылы тасымалданады. Осылайша, компания қазақстандық астық өндірушілер мен трейдерлер үшін жаңа экспорттық бағыттарды ашып отыр.
Қоғамдық кеңес мүшелері мен АӨК саласының сарапшылары ұлттық астық операторының тиімділігін, субсидияларды бөлу кезіндегі ашықтығын және рәсімдердің айқындығын атап өтті. Олардың пікірінше, компания аграрийлердің қажеттіліктеріне бағдарланған және сыртқы нарықтағы қатысуын сенімді түрде кеңейтіп келеді.
Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін форвардтық қаржыландыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және астық бағасын тұрақтандыру мәселелерін талқылады. Оның ішінде ұн тарту, құс шаруашылығы және мал шаруашылығы кәсіпорындарына астық жеткізу, ішкі нарықтағы астық бағасын қалыптастыру және орақ науқанына дайындық мәселелері қаралды.