Cемей27°С
Ауа-райы
  • Абай18°С
  • Аягөз19°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар21°С
538.57 629.48 6.71

Президенттің өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау: Қазақстанда теміржол техникалары мен оған арналған бөлшектерді шығару өндірісі артуда

Бүгін, 12:00 Думан Кенжеғазыұлы

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында теміржол саласын дамыту мәселелері қаралды. Онда өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев теміржол машинасын жасауды дамыту туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, теміржол өнеркәсібі еліміздегі машина жасаудың жалпы көлемінің 13%-ын құрап отыр. Бүгінде саладағы 60-тан астам кәсіпорында, 8 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Өткен жылы теміржол өнімдерін шығару 25%-ға өсіп, 600 миллиард теңгеге жеткен. Биылғы 7 айда ашық жүк вагондарын шығару 5 есеге, ал жайдақ платформалар шығару 2,2 есеге артқан. Жалпы, соңғы бес жылда ұлттық оператордың вагон паркін жаңартуды іске асыру нәтижесінде осы салада инвестициялық белсенділік байқалуда. Нәтижесінде отандық нарыққа Wabtec, Alstom, Stadler сияқты әлемнің жетекші брендтері келді. Қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау және теміржол саласында ішкі нарықты дамыту шеңберінде локализация деңгейі 35-40% аралығында қамтамасыз етілді. Отандық өндірушілердің қатысуымен локализацияны арттыру, бірлескен кәсіпорындар ашу жұмысы жалғастырылатын болады.

«Өнім сапасын жақсартуға және импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал еткен негізгі жобаларды атап өтейін. Биыл қаңтар айында Астанада жылына жүзге дейін жолаушылар вагонын шығаратын «Stadler Қазақстан» зауыты іске қосылды. Шығарылған вагондар 2030 жылға дейін келісім-шарт аясында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына жеткізілетін болады. Жыл соңына дейін алғашқы 51 вагон пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың басында Атырау облысында жылына 6 мың жүк вагоны мен цистерна шығаратын зауыт пайдалануға берілді. Жергілікті өндіріс үлесін арттыру мақсатында инвестор Foundry кластерін салуды бастады. Онда жылына 60 мың тоннаға дейін детальдар құйылмақ. Зауыттың ашылуы 2027 жылға жоспарланған. Биыл Семейдегі машина жасау зауытында жылына 600 жүк вагонын шығаратын жаңа өндіріс іске қосылды. Бұдан бөлек, Екібастұзда дайын темржол техникасын және құрамдас бөлшектер мен маңызды компоненттер шығаратын кәсіпорындар кластері салынды. Биыл осы кластерде жылына 160 мыңға дейін дайын өнім шығаратын бандаждық кешен жұмысын бастайды. Осылайша, бұл жобалар өндіріс қуатын одан әрі ұлғайтып, өнім сапасын арттыратын болады», — деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Министр оффтейк-келісім-шарттар отандық өндірушілерді тұрақты тапсырыс көлемімен қамтамасыз етіп, өндірістік қуатты жоспарлы түрде толық пайдалануға мүмкіндік беретінін айтады. Сонымен қатар, вагон шығаратын зауыттар өндірісте отандық материалдар мен бөлшектердің үлесін көбейтуге міндетті болады. Қазіргі уақытта ведомство зауытта барлық вагондар мен локомативтерге қатысты бөлшектерді жинап, дайын өнім шығаратын келісім жобасын әзірлей бастады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі экономикалық өсімді қамтамасыз ету аясында теміржол машина жасау саласын дамыту жұмыстарын жалғастыратын болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив