Қазақстан мен Түркия сыртқы саяси ведомстволарының басшылары телефон арқылы сұхбат өткізді
Түрік тарапының бастамасымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Түркия Республикасы Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлумен телефон арқылы сұхбаты өтті.
Түркия сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстан басшылығы мен халқын ҚР Парламентінің Мәжілісіне сайлаудың сәтті өтуімен құттықтап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси реформалардың жүзеге асырылу барысын жоғары бағалады.
Сонымен қатар, ол Қазақстан Үкіметі мен халқына Түркияда болған жойқын жер сілкінісіне орай жасаған көмегі мен ынтымақ танытқаны үшін алғысын білдірді.
Сұхбат барысында дипломаттар қазақ-түрік қатынастарының дәстүрлі жоғары деңгейін атап өтіп, екі бауырлас ел арасындағы ынтымақтастықты белсенді дамыту үшін атсалысуға өзара дайындықтарын қуаттады.
Екі мемлекеттің СІМ басшылары алдағы ортақ халықаралық іс-шараларға дайындықтың барысын талқылап, халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша да пікір алмасты.
М. Нұртілеу жылы құттықтаулар үшін алғыс білдіріп, түркиялық әріптесін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.