Қазақстан азаматтық қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтық қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және тәжірибе алмасу жұмыстарын жандандырды. Шетелдік әріптестермен қол қойылған маңызды келісімдер төтенше жағдайларға ден қоюдың тиімділігін арттыруға, озық технологияларды енгізуге және ғылыми-техникалық әлеуетті дамытуға бағытталған.
2025 жылғы 10 сәуірде Қазақстан Республикасының ТЖМ және Ресей Федерациясының ТЖМ арасында өзара іс-қимыл мен ақпарат алмасуды ұйымдастыру туралы регламентке қол қойылды. Құжат шұғыл деректермен алмасу және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарды үйлестіру тәртібін айқындайды, бұл бірлескен ден қою шараларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
2025 жылғы 16 маусымда ҚР ТЖМ, Алматы қаласының әкімдігі мен ҚХР Жер сілкінісі әкімшілігі арасында сейсмикалық тәуекелдерді азайту, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
2024 жылғы 6 қарашада Бішкек қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының 11-ші саммиті аясында қол қойылған ТМҰ азаматтық қорғаныс механизмін құру туралы келісімді ратификациялау бойынша мемлекетішілік рәсімдер жүргізілуде. Бұл құжат төтенше жағдайларға бірлесіп ден қою әлеуетін қалыптастыруды, құтқару бөлімшелерінің кәсіби даярлық деңгейін арттыруды және қатысушы мемлекеттерге де, басқа елдерге де көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді.
Халықаралық әріптестікті дамыту аясында Қазақстанның ТЖМ қызметкерлері ҰҚШҰ, ТМД, ТМҰ, ХАҚҰ, сондай-ақ «Орталық Азия – Қытай» форматындағы іс-шараларға қатысты. 70-тен астам маман заманауи құтқару операцияларын ұйымдастыру және ТЖ кезінде өзара іс-қимыл жасау тәсілдерін меңгеріп, біліктілігін арттырды.
ТЖМ азаматтық қорғау саласындағы халықаралық әріптестікті нығайтуды жалғастыруда. Бұл төтенше жағдайларға ден қоюға дайындық деңгейін арттыруға, сондай-ақ табиғи және техногендік апаттардың салдарын азайтуға мүмкіндік береді.