Қорғаныс министрі әскери педагогтардың басым міндеттерін айқындады

Әскери оқу орындары профессорлық-оқытушылық құрамының алдында тұрған ауқымды міндеттер жайында жеке құрамға қорғаныс ведомствосының басшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов мәлімдеді. Ол әскери педагогтарды, курсанттарды және колледж оқушыларын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
– Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы білім беру мен тәрбиенің ұлттың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты негіз екеніне назар аударды. Бұл тұжырымдар тікелей әскери білім беру саласына да қатысты, себебі мұнда армияның зияткерлік және кәсіби әлеуеті қалыптасады, – деп атап өтті ол. Өз сөзінде авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов әскери мамандарды даярлау сапасын арттыруға бағытталған іс-шараларға тоқталды.
Ол Ұлттық қорғаныс университетінде жұмылдыру дайындығы факультетінің ашылғанын, «Жас ұлан» республикалық мектептерінің әскери колледждерге айналғанын, Қарулы күштердің жауынгерлік даярлық жоспарының оқу үдерісімен біріктірілгенін және басқа да жаңалықтарды айтты.
– Қазіргі жағдайда ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, радиоэлектрондық күрес, жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеу жүйелерінің маңызы айтарлықтай артып отыр. Бұл жүйелер ұрыс әрекеттерін модельдеуге және шешім қабылдауға интеллектуалды қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Мұның бәрі әскери кадрларды даярлауға жаңа талаптар қояды. Олар ең күрделі техника мен заманауи қару-жарақты қолдана алуы, гибридті қауіп-қатер жағдайында әрекет етіп, өзгермелі ахуалға тез бейімделуі тиіс, – деді министр.
Осыны ескере отырып, ведомство басшысы әскери оқу орындарының жеке құрамына бірқатар міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, оқу бағдарламаларын жаңарту, мамандықтар аясын кеңейту, білім алушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, оларды ғылыми зерттеулерге, қолданбалы жобаларға және халықаралық ынтымақтастыққа тарту. Сондай-ақ, әскери институттар мен колледждерді заманауи қару-жарақпен, бронды танк техникасымен, әскери автокөлік және арнайы техникалармен, барлау және байланыс құралдарымен жабдықтау, оқ ату және жүргізу бойынша динамикалық тренажерлармен қамтамасыз ету мәселесін пысықтау тапсырылды.
Сөз соңында Қорғаныс министрі әскери педагогтардың жұмылған күш-жігерінің арқасында қойылған мақсаттарға қол жеткізіліп, еліміздің әскери қауіпсіздігі мен егемендігін нығайтуға зор үлес қосатынына сенім білдірді.