«Жасыл даму» АҚ және «Қазгидромет» РМК тұрақты органикалық ластаушыларды мониторингтеу саласында халықаралық ынтымақтастықты күшейтуде

«Жасыл даму» АҚ «Қазгидромет» РМК-мен, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен және Қоршаған орта зерттеулері жөніндегі халықаралық орталық RECETOX-пен бірлесіп, тұрақты органикалық ластаушыларды мониторингтеу бағытындағы әріптестікті кеңейту мәселесін талқылады. Кездесу Стокгольм конвенциясы шеңберіндегі «Тұрақты органикалық ластаушыларды мониторингтеудің төртінші фазасын іске асыру» атты жаһандық жобаның аясында өтті.
Іс-шараға қатысушылар тәжірибе алмасудың және экологиялық мониторинг саласына заманауи технологияларды енгізудің стратегиялық маңыздылығын атап өтті. RECETOX халықаралық орталығы ұзақмерзімді ынтымақтастыққа дайын екендігін білдіріп, Қазақстанға су мен ауаға арналған пассивті сынама алғыштарды ұсынуды, өз инфрақұрылымы базасында зертханалық зерттеулер жүргізуді және «Қазгидромет» мамандарын бірлескен зерттеулер арқылы оқытуды көздеп отыр.
Бірлескен жұмыстың негізгі мақсаты - тұрақты органикалық ластаушыларды мониторингтеу бойынша төртінші жаһандық есепті дайындау үшін сенімді деректерді қамтамасыз ету. Бұл құжат 2027 жылы Стокгольм конвенциясы Тараптарының конференциясында ұсынылады.
Кездесу қорытындысы бойынша «Қазгидромет» РМК мен RECETOX орталығы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қоюға уағдаласты. Бұл қадам Қазақстанның экология және орнықты даму саласындағы халықаралық ынтымақтастығын нығайтудың маңызды кезеңі болмақ.