Cемей21°С
Ауа-райы
  • Абай18°С
  • Аягөз19°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар21°С
536.76 630.85 6.45

Абай облысында Президент Жолдауын жүзеге асыру жолдары талқыланды

Бүгін, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын өңірде жүзеге асыру бойынша кеңес өтті.

Кеңес жұмысына мемлекеттік органдардың, партия филиалдарының, жоғары оқу орындарының басшылары, облыстық мәслихат өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Жиынды ашқан аймақ басшысы Жолдауда айтылған жасанды интеллект, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, туризм, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын дамыту бағытында өңірдің әлеуеті зор екенін атап өтті.

«Бұл – еліміздің жаңа даму кезеңіндегі стратегиялық бағыттарды айқындайтын аса маңызды құжат. Президент айқындаған бастамалар біз үшін бағдаршам болуы тиіс»,- деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы Президент Жолдауына сәйкес өңір алдында тұрған негізгі міндеттерге тоқталып, аудан-қала әкімдеріне және жауапты басқармаларға бірқатар тапсырма жүктеді. Ең алдымен, цифрландыру бағытын күшейту үшін жасанды интеллект пен жаңа технологияларды ауыл шаруашылығы, білім, медицина және су ресурстарын басқаруда қолдану тапсырылды. Сондай-ақ инвестиция тарту ісінде әкімдердің жеке жауапкершілігі айқындалатыны айтылып, инвесторлармен нақты нәтижеге бағытталған жұмысты ұйымдастыру міндеті қойылды. Өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл шаруашылығында үздік агрокәсіпорындардың тәжірибесін енгізу, мемлекетке қайтарылған жерлерді тұрақты айналымға қосу – басым бағыттар ретінде белгіленді.

Көлік және логистика саласында «Бақты-Аягөз» теміржолы, Семейдегі жаңа көпір құрылысы мен қалаға айналма жол салу жобалары ерекше назарда. Туризм бағытында Алакөл жағалауын абаттандыру жұмыстары жалғасады. Кәсіпкерлікті дамытуда өнім өндіретін бизнес субъектілерінің үлесін арттыру, білім саласында жасанды интеллектпен жұмыс істеу құзыретін мектептен қалыптастыру, денсаулық сақтау жүйесінде ұлттық жобаларды іске асыру, сондай-ақ құрылыс саласында жасанды интеллект элементтерін қолдануды ұйымдастыру тапсырылды.

Кеңесте цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы өңірді цифрлық трансформациялаудың жеті бағытын таныстырды.

Атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім, аграрлық сектор және қоғамдық қауіпсіздік салаларына жасанды интеллект енгізу, мемлекеттік қызметтердің онлайн форматқа көшуі, өңірлік деректерді өңдеу орталығын салу, Семей қаласында Smart City жобасын іске қосу және су ресурстарын басқаруда жасанды интеллект жүйесін қолдану жоспарланып отыр.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков өңірде жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған инвестициялық жобалар туралы баяндады.

Жыл басынан бері өңірде инвестициялық жобалардың саны 29-дан 86-ға дейін өскен, 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жалпы құны 423,1 млрд теңгені құрайтын өңірлік инвестициялық пул жасақталды. Сондай-ақ 3,2 трлн теңгеге 41 жобаны қамтитын жалпыұлттық цифрлық пул жаңартылды. Алдағы жылдары облыста мыс балқыту зауыты, тау-кен байыту комбинаты, Аягөз-Бақты теміржолы, катодты мыс өндіретін кешен және ет өндіру кәсіпорындары сияқты ірі жобалар жүзеге аспақ. 2025 жылдың өзінде ғана 27,1 млрд теңгеге 10 жоба іске қосылып, 667 жаңа жұмыс орны құрылады.

Облыс әкімінің тапсырмасымен өңірде инвестициялық бағдарлама бекітіліп, азық-түлік өнеркәсібі, туризм және көлік-логистика салаларын қамтитын жаңа жобалар айқындалды. «Өндіріс» индустриялық аймағының аумағын кеңейту жұмыстары басталып, арнайы экономикалық аймақ құру жоспарлануда.

«Абай облысында инвесторлармен атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны жаман емес. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беруіміз керек. Алайда инвесторлармен жұмыс дегеніміз – олармен жай ғана кездесіп, танысу емес. Бізге келетін инвестор көп, бірақ олардың қайсысымен нақты нәтижелі жұмыс жүргізіп жатырмыз? Бірінші кезекте осыны қадағалауымыз қажет»,- деді облыс әкімі.

Кеңесте облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков сөз сөйлеп, Жолдаудағы бастамаларды жүзеге асыруға депутаттық корпус белсене қатысатынын жеткізді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив