Cемей13°С
Ауа-райы
  • Абай18°С
  • Аягөз19°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар21°С
538.2 629.64 6.34

Space Days Kazakhstan – 2025: халықаралық ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері

Бүгін, 15:23 Думан Кенжеғазыұлы

9 қыркүйекте Алматыда әлемдік аэроғарыш саласының жетекші өкілдерін, халықаралық ұйымдарды, ғылыми қауымдастық пен бизнес өкілдерін жинаған халықаралық Space Days Kazakhstan – 2025 форумы өз жұмысын жалғастырды.

Форумның екінші күнін ашқан Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның ғарыш саласындағы жетістіктеріне тоқталды:

«Қазақстанның ғарыш саласы фундаменталды ғылымнан бастап қолданбалы технологияларға дейін сан түрлі бағытта дамып келеді. Жерді қашықтан зондтау, байланыс және экологиялық мониторинг қызметтерін көрсетуге дейінгі спутниктерді жобалау және құрастырудан бастап дамып жатыр. Бүгінде орбитада KazEOSat-1, KazEOSat-2, KazSTSat Жерді қашықтан зондтау спутниктері, сондай-ақ KazSat-2 және KazSat-3 байланыс спутниктері жұмыс істеп тұр. Біз жаңа буын спутниктік топтамаларды дайындап жатырмыз, олардың ұшырылуы 2028–2029 жылдарға жоспарланған», – деп атап өтті вице-министр.

Форумның ресми ашылуы аясында Ислам білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ICESCO) мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға салтанатты қол қою рәсімі өтті.

Сонымен қатар, қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетовтың ғарышқа ұшқанына 10 жыл толуына арналған пошталық марканы сөндірудің ресми рәсімі өтті.

Форум аясында Қазақстан, Ресей, Беларусь, Моңғолия және Румыниядан келген танымал ғарышкерлермен кездесу өтті. Олардың қатарында: Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасы Әуе күштерінің генерал-майоры, ұшқыш-ғарышкер Тоқтар Әубәкіров; Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасы Әуе күштерінің генерал-майоры, ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетов; Ресей Федерациясының Батырлары, ұшқыш-ғарышкерлер Антон Шкаплеров пен Сергей Волков; Моңғол Халық Республикасының Батыры, Кеңес Одағының Батыры, ғарышкер-зерттеуші Жүгдэрдэмидийн Гүррагчаа; Румынияның Батыры, Кеңес Одағының Батыры, румын ғарышкері Думитру Дорин Прунариу; сондай-ақ Беларусь Республикасының ғарышкер-үміткері, «Sirius-23» халықаралық экспериментінің экипаж мүшесі Ольга Сергеевна Мастицкая бар.

 Ғарышкерлер кәсіби жолындағы естеліктерімен, алғашқы дайындық кезеңдерімен және мансаптарының маңызды сәттерімен бөлісті.

Форумның екінші күні жұмыс бес тақырыптық секцияда жалғасты. Оған ғарыш саласындағы 60-тан астам халықаралық сарапшы қатысты.

Сессиялар аясында шетелдік сарапшылар ғарыштық технологияларды дамытудағы халықаралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Арнайы назар білім мен ғылым саласында ғарыштық технологиялардың рөліне, сондай-ақ болашақ мамандарды даярлау мәселелеріне аударылды.

Талқылаудың бөлек тақырыбы ретінде Қазақстанда жаңа ғарыш айлағын салу бастамасы қарастырылды. Ол ұлттық және халықаралық ғарыш инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болмақ.

Форум ғарыш саласында халықаралық ынтымақтастықты дамыту, әріптестікті нығайту және тәжірибе алмасу болашағын талқылаудың негізгі алаңы болуда. Форум қорытындылары ғарышты игеру мен пайдалану ісінде жаһандық диалогты және бірлескен күш-жігерді жалғастырудың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив