Cемей16°С
Ауа-райы
  • Абай18°С
  • Аягөз19°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар21°С
540.84 634.46 6.43

«Грэмми» сыйлығының екі мәрте иегері Уолтер Афанасьефф Түркістанға келді

Бүгін, 17:26 Думан Кенжеғазыұлы

Белгілі америкалық композитор және әрі продюсер, «Грэмми» сыйлығының екі мәрте лауреаты Уолтер Афанасьефф Қазақстанға алғаш рет келіп, Түркістан қаласындағы Димаш Құдайберген мен Hunan Broadcasting System халықаралық жобасына қатысты. Сан ғасырлық тарихтан сыр шертетін Қазақстанның рухани астанасы «Voice Beyond Horizon» деп аталатын музыкалық бағдарламаның алғашқы түсірілім орнына айналды.

Түсірілім өңірдің туристік және тарихи нысандарында өтті. Музыкалық жоба Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия елдерінен келген орындаушыларды біріктірді.

Байқауға қатысушылардың кәсіби деңгейін арнайы шақырылған халықаралық сарапшылар бағалады. Қазылар алқасының мүшелерінің бірі – «Титаник» фильмінде орындалған белгілі «My Heart Will Go On» әнінің продюсері Уолтер Афанасьефф.

«Мен Қазақстанға алғаш рет келдім. Бұл туралы көп жылдан бері армандадым. Алған әсерім мен сезімім ерекше: осында тұрып, өмір сүргің келеді. Адамдары, тағамы, климаты, табиғаты – барлығы мені тәнті етіп, жан дүниеме әсер етті. Шынымды айтсам, бұл - өзім болған ең сүйікті қалалардың бірі», – деді Уолтер Афанасьефф.

Түсірілім барысында музыканттар Түркістан облысының табиғи және мәдени нысандарын аралады. Олардың қатарында Әзірет Сұлтан кешені, Отырар қалашығы, Karavansaray туристік кешені мен этноауыл бар.

Музыкалық жобаға қатысушылардың шығармашылық саяхаты пойызбен еліміздің басқа өңірлерінде жалғасады. Түсірілімдер Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларында өтеді. Шоудың финалдық кезеңі Қазақстан астанасында жоспарланған.

Атап өткен жөн, Димаш Құдайберген бұл жобаны Hunan Broadcasting System арнасымен бірлесе жүзеге асыруда. Аталған арнаны эфир мен Mango TV цифрлық платформасы арқылы күн сайын 210 миллионнан астам көрермен тамашалайды. Осы жобаның арқасында бүкіл әлем көрермендері Қазақстанның туристік әлеуетімен танысатын болады.

Жобаға Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы, «Жолаушылар тасымалы» АҚ және өңірлік әкімдіктер ұйымдастырушылық қолдау көрсетті.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив