Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту мәселелері мен еңбек жағдайларын жақсарту шаралары ЕХӘҚМ-де талқыланды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ведомство басшысы Светлана Жақыпованың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте Ұлттық біліктілік жүйесін (бұдан әрі – ҰБЖ) дамыту мәселелері және өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитетінің ағымдағы жұмысы талқыланды.
ҰБЖ-ны дамыту барысы туралы баяндама жасаған «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (бұдан әрі – ЕРДО) президенті Ерасыл Жұманбаев жүйенің негізгі элементі Career Enbek ақпараттық платформасы екенін атап өтті. Бұл платформа кәсіптік стандарттар, білім беру бағдарламалары және біліктілікті тану орталықтары туралы деректерді біріктіріп, еңбек нарығын цифрландыруға ықпал етеді.
«Бүгінгі таңда экономика саласының 97%-ын қамтитын 20 салалық біліктілік жүйесі әзірленді. Оларды өзектендіру жұмыстарымен 57 салалық кеңес айналысады, олардың 60%-ын жұмыс берушілер құрайды», – деді ЕРДО президенті.
Ол кеңестердің жұмысын талдау олардың құрамын сарапшылармен және оқу орындарының өкілдерімен нығайтудың қажеттілігін көрсеткенін хабарлады. Бұл жұмыс Career Enbek платформасын пайдалана отырып, процестерді цифрландыру арқылы жүргізілуде. Мұндай тәсіл мемлекет, бизнес және білім беру ұйымдары арасындағы нақты диалог орнатуға, сондай-ақ осы органның әлеуетін толыққанды пайдалануға мүмкіндік береді.
Баяндама барысында «ЕРДО» АҚ президенті Ұлттық біліктілік шеңберін жаңарту және Ұлттық кәсіптер классификаторын өзектендіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы ақпаратпен бөлісті.
Ерасыл Жұманбаев кәсіптік стандарттардың еңбек нарығына әсері туралы да айтып өтті: Қазақстанда сұранысқа ие 7,8 мың кәсіптің 4,5 мыңы стандарттармен қамтылған.
«Егер 2022 жылы бізде небәрі 70 қолданыстағы стандарт болса, биылғы жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 970-ке жетеді. Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында біз қосымша 200 кәсіпті қамтитын 100 жаңа стандарт әзірлеп жатырмыз. Басты мақсатымыз – 2030 жылға дейін ескірген анықтамалықтардан толық бас тартып, халықаралық деңгейге сай келетін заманауи стандарттар жүйесіне көшу», – деді ол.
Спикер кәсіби стандарттарды әзірлеу процесіне жасанды интеллект элементтері енгізілетінін атап өтті.
Өз сөзінің соңында Ерасыл Жұманбаев ҰБЖ енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды заңнамалық түрде бекіту бұл бағыттың тұрақты әрі тиімді дамуын қамтамасыз етіп қана қоймай, еңбек нарығын білікті мамандармен қамтуға оң әсер ететінін айтты.
Өз кезегінде Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметов өндірістегі еңбек жағдайларын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады.
«Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша еліміздегі кәсіпорындарда 838 адам зардап шекті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,1%-ға аз. Оның ішінде 113 адам қаза тапты – бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,4%-ға төмен көрсеткіш. Өндірістік жарақаттану деңгейінің төмендеуі Абай, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау облыстарында және Астана қаласында байқалады», – деп хабарлады Комитет төрағасы.
Сонымен қатар, өндірістік жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай облыстарында және Алматы қаласында сақталып отыр. Экономика салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия өнеркәсібінде – 18%, құрылыс саласында – 9% және мұнай-газ секторында – 6% тіркелген.
Еңбек қауіпсіздігін жақсарту мақсатында Комитет тұрақты мемлекеттік бақылау жүргізуде.
«2025 жылдың 8 айында еңбек инспекторлары 4 013 тексеріс жүргізіп, 4 706 заңбұзушылық анықтады. Оның 16%-ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласына тиесілі. Жұмыс берушілерге 2 602 нұсқама беріліп, 1 575 әкімшілік айыппұл салынды, жалпы сомасы 332,3 млн теңгеден асты», – деді Мейрамбек Ахметов.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдарына 439 арнайы тергеп-тексеру материалы жолданды, олардың нәтижесінде 5 лауазымды тұлға сот үкімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Комитет басшысы өз сөзін қорытындылай келе, еңбек инспекциясы жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды.
«Ұсынылып отырған шаралар өндірістегі жарақаттану деңгейін жүйелі түрде төмендетуге, кәсіпорындарда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға және мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмысының тиімділігін күшейтуге бағытталған», – деп түйіндеді Мейрамбек Ахметов.