Жас еріктілер ұлылар мекеніне саяхат жасады

Қауымдастық нысанындағы «Қазақстан Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің «Тарих пен мәдениет саласында волонтерлікті дамыту» жобасы аясында, «Даналық» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Ұлылар мекеніне сапар» атты ірі мәдени-ағартушылық бастама жүзеге асырылды.
Іс-шараға университет студенттері, қала жастары, еріктілер мен түрлі қоғамдық ұйымдардың белсенділері кең көлемде қатысты. Жобаның басты жетістігі – ерікті жастардың белсенді араласуы. Мұндай сапарлар жас буынды тарихи мұрамен таныстырып қана қоймай, ұлттық рухани құндылықтарды сақтауға және қоғам игілігіне үлес қосуға баулиды.
Экскурсия бірнеше бағытты қамтыды:
-
Күшікбай асуы – табиғатпен біте қайнасқан тарихи мекен жастарға өткеннің өнегесін сезіндірді.
-
Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің музей-үйі – қатысушылар ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты мол мағлұмат алды. Әуезовтің Абай мұрасын зерттеудегі еңбегі жастарға ерекше әсер етті.
-
Сырт Қасқабұлақ – ұлы ойшыл, дана ақын Абай Құнанбайұлының кіндік қаны тамған қасиетті жер. Бұл сапар жастарды ұлт руханиятының қайнар бұлағына жақындатты.
-
Жидебайдағы Абай музей-үйі – экскурсияның қорытынды аялдамасы. Мұнда хәкімнің өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлер таныстырылды. Әрбір экспонат – ұлы тұлғаның өмірінен сыр шертер қастерлі мұра.
«Ұлылар мекеніне сапар» жобасы – жай ғана саяхат емес. Бұл бастама жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен рухани тектілікті сіңіретін тағылымды тәжірибе. Жастар тарихи-мәдени орындарды көру арқылы туған жердің қадірін түсініп, мәдени мұраны құрметтеуге тәрбиеленді.
Жоба нәтижесінде қатысушылар қазақ халқының тарихын тереңірек танып, рухани құндылықтарды заманауи көзқараспен бағалауды үйренді. Мұндай игі шаралар жас буынның бойында елге деген мақтаныш сезімін қалыптастырып, олардың болашақта мемлекет дамуына үлес қосуына серпін береді.