Cемей-15°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Шымкент МӨЗ қуаттылығын жылына 12 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда

13-04-2023, 15:57 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Шымкент қаласын дамытудың өзекті мәселелері және осы жылдың 27 қаңтарында мегаполиске жұмыс сапары аясында берілген тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде кеңес өткізді.

Орталық мемлекеттік органдар мен қала әкімдігінің басшылары қатысқан кеңесте тұрғын үй, автожол, «Жұлдыз», «Бозарық» және «Тассай» индустриялық аймақтарының инженерлік инфрақұрылымын салу, «Сайрам» елді мекенінде жылыту жүйелері мен сорғы стансаларын реконструкциялау, қазандықтарды жаңғырту, сумен жабдықтау нысандарын және Алматы тас жолы бойындағы «Тұран» магистральдық кәріз коллекторын салу бойынша шаралар қаралды. 

Сонымен қатар оңтүстік өңірлік хаб құру шеңберінде сауда-логистикалық орталықты кеңейту және МӨЗ айналасында мұнай шикізатын терең өңдейтін жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындарды іске қосу мәселелері талқыланды.

Премьер-Министр Энергетика министрлігіне Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаттылығын бұрын жоспарланғандай жылына 9 млн тонна емес, қазіргі 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру тәсілдерін қайта қарау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ бұл жұмысты жаңадан салынатын қайта өңдеу кәсіпорындарының құрылысымен қатар жүргізу керек.  

«Бізге шала-шарпы жұмыстың керегі жоқ. Бұл жобаға қомақты қаржы құйылады, сондықтан қуаттылықты жылына 6 млн тоннаға дереу арттыру қажет. ЖЖМ-ге деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Экономика өсуде, халық саны көбейіп, кәсіпорындар өздерінің айналымын арттыруда. Бұл процестердің бәрін, оның ішінде ЖЖМ өндірісін ұлғайту арқылы қолдау қажет», — деді Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ кеңесте жаңа мәдени-ағарту нысандарын ашу, несиелік тұрғын үйлерді сату, сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру, «Қайнарбұлақ» тұрғын алабын газбен қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жер телімдерін беру тетігін жетілдіру және тағы басқа бірқатар шаралар қаралды.

«Мемлекеттік органдар қала әкімдігімен бірлесе отырып, осы тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындау үшін барлық тиісті шараларды қабылдауы қажет», — деп түйіндеді сөзін Премьер-Министр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив