Еңбек министрлігі инватакси қызметін көрсетудің жаңа қағидалары бойынша түсіндірме жиынын өткізді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде вице-министр Виктория Шегайдың төрағалығымен Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы республикалық үйлестіру кеңесінің «Қолжетімді көлік» кіші тобының отырысы болып өтті.
Кездесуге ҚР Парламентінің, көлік және денсаулық сақтау министрліктерінің, жергілікті атқарушы органдардың, «Атамекен» ҰКП өкілдері, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты – ҚР Көлік министрлігінің бұйрығымен бекітілген нормаларды жан-жақты түсіндіру болды. Осы құжатқа сәйкес, мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау қызметі енді Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсетілетін болады.
Отырысты ашқан Виктория Шегай жаңашылдықтардың басты мақсаты – қызметтің қолжетімділігін, сапасын және ашықтығын арттыру екенін атап өтті.
«Бүгін біз осы диалог алаңында инватакси қызметінің жаңа жұмыс форматының барлық қырын егжей-тегжейлі түсіндіру үшін жиналып отырмыз, оның қағидалары қабылданып та үлгерді. Қызметті Әлеуметтік қызметтер порталына көшіру мүгедектігі бар жандарға қызмет көрсетушіні өз бетінше таңдауға, өз қажеттіліктерін ескере отырып көлік шақыртуға және күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл сондай-ақ процестердің ашықтығын қамтамасыз етіп, қызмет жеткізушілер санын арттырады, әрине өз кезегінде сапаға оң әсер етеді», – деді Виктория Шегай.
Жиын барысында қатысушыларға негізгі өзгерістер түсіндірілді. Атап айтқанда, қызмет көрсетушілерге қойылатын жаңа, бұрынғыдан қатаң талаптар таныстырылды. Олардың қатарында жолаушыларды міндетті сақтандыру, арнайы жабдықталған автомобильдердің белгілі бір санының және білікті жүргізушілердің болуы сияқты шарттар бар.
Қызметтердің кепілдендірілген көлемін түсіндіруге ерекше назар аударылды. Бұйрықта ең төменгі шектің, жұмыс істейтін және білім алатын мүгедектігі бар адамдар үшін айына кемінде 25 сағат және басқа санаттар үшін айына кемінде 6 сағат, белгіленгені айтылды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар өз бюджетінің мүмкіндіктерін ескере отырып, бұл көлемді ұлғайтуға құқылы.
Өз кезегінде, инватакси қызметін көрсетудің жаңа тетігінің іске қосылуын қамтамасыз ету үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де тиісті дайындық жұмыстарын жүргізді. Әлеуметтік қызметтер порталының жұмысын реттейтін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге, соның ішінде кепілдендірілген соманы айқындау, қызметтер құнын өтеу және қызмет көрсетушілерді тіркеу қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілді.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар қызмет көрсетудің жаңа форматына көшуге қатысты барлық сауалдарына тұшымды жауап алды.