Еңбек министрлігінде мүгедектігі бар жандарға инклюзивті білім беру мәселесі талқыланды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде вице-министр Виктория Шегайдың төрағалығымен Мүгедектігі бар тұлғаларды әлеуметтік қорғау жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесінің «Қолжетімді білім» кіші тобының отырысы өтті.
Іс-шараға ҚР Парламентінің депутаттары, білім, ғылым және жоғары білім министрліктерінің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, инклюзивтік мәселелермен айналысатын жетекші қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері қатысты.
Талқылаудың негізгі тақырыбы – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен ересектерге барлық деңгейде – балабақшадан бастап жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі деңгейге дейін – қолжетімді әрі сапалы білім беру жағдайларын жасау болды.
Отырысты ашқан Виктория Шегай қатысушылардың назарын барша азаматтар үшін білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты міндеті екеніне аударды.
««Инклюзивті білім беру» ұғымы «Білім туралы» заңда бекітілген, барлық балалардың білім алудағы ерекше қажеттіліктері мен жеке қабілеттерін ескере отырып, білім алу құқығына кепілдік береді. Білім жүйесінің қолжетімділігі мен сапасы – елдегі адами капитал сапасын, еңбек өнімділігі мен мамандардың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды факторлар», – деді вице-министр.
Отырыс барысында қатысушылар мектептер мен колледждерде жағдай жасау, жоғары білімнің қолжетімділігі мәселелерін қарастырды, сондай-ақ менталды ауытқуы бар жастарды оқыту тәжірибесін талқылады. Кешенді білім беру, медициналық және әлеуметтік қызметтер көрсету үшін ведомстволар арасындағы өзара әрекетті күшейту және мүгедектігі бар тұлғалардың әрі қарай еңбекке орналасуына ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында айтылған ұсыныстар елдегі инклюзивті білім беруді дамыту бойынша одан әрі бірлескен жұмыста ескеріледі.