Сенатта жасанды интеллект пен цифрландыру саласындағы заңдар талқыланды

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінде «Жасанды интеллект туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жасанды интеллект және цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдардың таныстырылымы өтті.
Бұл құжаттар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын және 2024–2029 жылдарға арналған жасанды интеллекті дамыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленген болатын. Жасанды интеллектіні енгізуде ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заманауи құқықтық базаны қалыптастыру, қоғам мен бизнестің жаңа технологияларға деген сенімін арттыру негізгі мақсат болып отыр.
Ұсынылған бастамалар жасанды интеллекті тәуекел деңгейіне және автономдылық дәрежесіне қарай жіктеу жүйесін енгізуді, дискриминациялық алгоритмдерге, манипуляциялық әдістерге және жеке деректерді заңсыз жинауға тыйым салу нормаларын бекітуді көздейді. Бұған қоса, тұрғын үй құрылысы, өнеркәсіптік қауіпсіздік және тұтынушылардың құқықтарын қорғау салаларындағы реттеу шаралары күшейтіледі. Тәуекелі жоғары жасанды интеллект жүйелерін пайдалану кезіндегі құқықбұзушылықтар үшін жеке жауапкершілік енгізіледі, олардың жұмысын тоқтата тұру мүмкіндігі қарастырылады, сондай-ақ жасанды интеллект технологиясы қолданылған медиаөнімді міндетті түрде таңбалау нормасы белгіленеді.
Ұсынылған заңдар топтамасы цифрлық үдерістер мен инновациялық технологияларды реттеудің кешенді тетігін қалыптастыруға, экономиканың қарқынды дамуы мен азаматтардың құқықтарын қорғау қажеттілігі арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар салаларда жасанды интеллекті қауіпсіз қолдануға құқықтық жағдай жасауға мүмкіндік береді.